Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің «Сапар» орталығында ақпан айының 4-і күні «Отырар қалажұртының жекелеген обьектілерін (қаланың көшелері, су құбыры желісі, шеберханалары, Отырар кітапханасы, теңге сарайы және т.б.) қалпына келтіруді ғылыми деректер негізінде қарастыру» тақырыбында ғылыми кеңес өтті.
Жоғарғы оқу орындарының жетекші ғалымдары мен ғылыми-зерттеу орталық қызметкерлері қатысқан жиынды Серік Шәймерденұлы ашық деп жариялап, бүгінгі күн тәртібінде қаралып отырған мәселенің өзектілігін айта келе, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбында жарияланған мақаласындағы «Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ» – деген жолдарына тоқтала келе, Отырар қалажұртын қалпына келтіру мәселесі бойынша алдағы уақытта жоспарланып отырған жұмыстарды ортаға салды.
Кезекті сөзді алған Археология ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Мұхтар Баһадүрұлы қаланың су құбыры жүйесін қалпына келтіруді, рабад бөлігінде орналасқан Қарахан дәуіріне тән монша орнына зерттеу жүргізуді және қалпына келтіруді ұсынса, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Марат Қымызұлы тарапынан қаланың XVI ғасырға тән магистральды көшесі мен көше бойында орналасқан шеберханаларын, сауда қатарларын анықтау, қаланың регистан бөлігіне қазба жүргізу, ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру мақсатында қалпына келтіру мәселесін ұсынды.
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ғылыми кеңесшісі Нұртаза Орынханұлы өз кезегінде Отырар қалажұртының солтүстік-батысынан ертеректе анықталып қазылған үш құдық орнына қайта қазба жүргізу, құдық айналасында орналасқан құрылыс нысандарын қалпына келтіру арқылы туристердің қажеттілігін қамтамасыз етуді ұсынды.
Түркістан облысының өлкетану музейінің «Археология» ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Айсұлу Асқарқызы сөз алып, қаланың XIV тән қорған-қамалын ашу, қаланың ерте кезеңін сипаттайтын III-V, Х-ХІ және ХІІІ ғасырларға тән құрылыс орындарын ашып, ашық аспан астындағы мұражайға айналдыруды ұсынды.
М.Әуезов атындағы ОҚМУ университетінің оқытушысы Айман Қарайдаровна Отырар қалажұртынан медресе сынды қоғамдық орындарды ашу арқылы сол кезеңнің рухани және материалдық мәдениетін насихаттауға мүмкіндік туатынын, алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жасауды ұсынды.
Жиынға қатысушы археолог-ғалымдар ғылыми кеңестің күн тәртібіне қойылған Отырар қалашығының жекелеген обьектілерін (қаланың көшелері, су құбыры желісі, шеберханалары, Отырар кітапханасы, теңге сарайы және т.б.) қалпына келтіруді ғылыми деректер негізінде қарастыру жөніндегі мәселені бірауыздан қолдап, өз пікірлерін ортаға салды.
Жиын барысында Отырар қалажұртынан теңге сарайы мен кітапхана орны туралы нақты мәліметтің жоқтығына орай зерттеуді мақсатты түрде жүргізуге негіз жоқ екендігі, алдағы уақытта жүргізілетін зерттеу жұмысы барысында анықталуы мүмкін екендігі де қоса айтылды.
Күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқылау барысында айтылған пікірлерді қорытындылай келе: - Археологиялық зерттеулер жүргізу нәтижесі Отырар қалажұртында ашық аспан астындағы музей жасауға қолайлы жағдайдың бар екендігі, шахристан территориясында әр кезеңдегі тұрғын үй массивтерін ашу, оңтүстік және солтүстік қақпаларды байланыстырып тұрған магистралды көше мен солтүстік қақпаға қазба жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтіруді;
- Қаланың маңызды элементтерінің бірі – қорғаныс жүйесі толықтай зерттеліп, қалпына келтірілуді;
- Қаланың рабад бөлігіне қазба жұмысын жүргізіп, ашық аспан астындағы мұражайға айналдырылуды ұсынды және қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін археологиялық зерттеу нәтижесінде алынған ғылыми негізге сүйене отырып аршылған нысандарды жартылай реконструкциялау қолға алынсын деген ұсыныстар жасалды.