Бүгін Астана қаласында өтіп жатқан ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесі аясында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық - мұражайының ұйымдастыруымен Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кітапхана бөлмесінде «Рухани жаңғырудың бір кепілі − көне кітаптар» тақырыбында кітаптар көрмесінің тұсаукесері болып өтті. Көрменің мақсаты тарихы тереңде жатқан рухани білім беретін қолжазбаларды насихаттап қайта түлету болып табылады. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Жандос Әубәкір салтанатты жиында алғашқы сөз алып, атаулы көрменің маңыздылығы мен мақсатына тоқталып, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында рухани байлықтарымызды бағалаумен қатар келешекке аманаттау керек екендігі айтылғандығы туралы атап өтіп,
Отырар қорық-мұражайы директорының кеңесшісі Нұртаза Алдабергенов Әзірет Сұлтан кесенесінің төрінде Отырар музейінің рухани қолжазбалардан құралған көрменің ашылуында тарихи мән жатқандығын жеткізді. Көрменің ашылуына Түркістан қаласындағы бірқатар музейлердің қызметкерлері және Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің тарих факультетінің студенттері, қала қонақтары, БАҚ өкілдері қатысты. Көпшілікке бір ай мерзімде жұмыс жасайтын көрмеде Отырар қорық-мұражайы қорында сақталған ХІХ-ХХ ғғ. тән кітаптар мен қолжазбалар экспозицияланды. Көрмені ұйымдастырған Отырар қорық - мұражайына Түркістан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж. Ибрагимов және «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Ж.Әубәкір өз ризашылықтарын білдіріп, алғыс хаттармен марапаттады.