– Арыстанбек Мұхамедиұлы, осыдан бірер жыл бұрын республикалық баспасөз беттерінде Наурыз мейрамын жаңа үлгіде өткізу жөнінде толғақты ой айтып, жалпы ұлттық ауқымда атап өтудің тың жолдарын ұсынған едіңіз. Елбасының былтыр сәуір айында жарияланған мақаласынан кейін бұл мәселеге ерекше ден қою қажеттілігі туындаған секілді. – Әрбір мерекенің өзіндік салмағы бар, ал Наурыз біздің ұлттық ең бірінші мерекеміз! Дәстүрімізді дәріптеп, асыл мұраларымыздың бедерін айшықтауда орны ерекше бұл мерекені қазақ халқы «жақсылықтың бастауы» деп ұғады. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деп айтқан сөзі бар. Шығыстың шырайын келтірген, халық арасында керемет қолдауға ие бұл мереке ХVIII ғасырға дейін ежелгі Грекияда, ежелгі Римде, Ұлыбританияда, 1700 жылға дейін ежелгі Русьте де аталып келген. Сондықтан тарихы әріде жатқан осы ұлық күнге біз айрықша ықылас танытып, оның мазмұндық қыры менен сырын одан әрі байыта түсуіміз керек. Наурыз мерекесі 1991 жылы 15 наурызда Қазақстан Президенті Жарлығының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болған. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде Елбасы наурыз айының 21, 22, 23 күндерін «Наурыз мейрамы» деп жариялады. Нақ осы күннен бастап республикамызда Наурыз мейрамы кеңінен атап өтіле бастады. Данышпан ата-бабаларымыз бұл күнді табиғаттың ғажап белгілерін ескере отырып, айрықша қасиеті бар ай ретінде бағалаған. Ұлытау сұхбатында Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біз ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді қастерлеуіміз керек» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Заман бір орында тұрған жоқ. Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін адамның ұлтына, діни бағыныстылығына қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бергеніміз абзал. Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау керек. Бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі бәрімізге қатысты. – Ел арасында «Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп кетті» деген де сөздер айтылып жүр. – Иә, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспай жүргені рас. Сол себепті мерекенің өзіне сәйкес айшықтарын түлете отырып, фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне жеткізу керек. Бұл мәселеде Ұлттық намыс пен рухани болмысымызды жаңғырту деген асқақ ой жатыр. Қазір Наурыз дегенде, тігілген киіз үйлерге келіп, қонақ болып кететіндер мен сырттан бақылайтындар деп екіге бөліп қарауға болады. Мерекеде бақылаушылар болмайды, бәрі де қатысушы болу керек. Біз осыған аса назар аударғанымыз жөн. Сондықтан да Наурызға қажет іргелі ізденістер мен тарихи әрі заманауи шаралар турасында айтар болсақ, мұның бірнеше жолы бар. – Ол қандай жолдар? – Бірінші. Ең әуелі Наурыз балдырғандарға арналуы керек. Наурызда біз бар мейірім-шапағатымызды балғын балапандарымызға арнағанымыз дұрыс. Жаңа жылға сәби неге үйір? Рождество несімен мықты? Аяз ата да, Санта-Клаус та ең әуелі баланың тілін табады. Бір ғана шырша сол күннің шырайын келтіріп, Жаңа жылдың идеологиялық нысанына айналып кетті. Алғашында Жаңа жыл қарсаңында үйге тек қарағай немесе шырша бұтағын орнатқан. Бертін келе бүтін бір ағашты сәндеп қою дәстүрге айналған. Алғашқы жаңажылдық шырша француздық ауданның бірі – Эльзаста орнатылған. Бұл оқиға, шамамен, 1600 жылдары болған екен. Ал енді сол шыршаның айналасында асыр салған ойын баласына Аяз аталар сыйлық сыйлайды, тарту-таралғысын жасайды. Отбасы мүшелерін, үлкендерді де назардан тыс қалдырып көрген емес. Осы тәрізді дәстүрдің берік орнығуы бұл мерекелерді халыққа барынша жақындатқаны мәлім. Сөйтіп Жаңа жылдан әрбір бала тосын жаңалықтар күтеді. Сол секілді Наурыздың қадір-қасиетін жан-жақты қамти отырып, шын мәнінде мереке жасағымыз келсе, Наурыздың бірінші мағынасы да, сәні мен салтанаты да балдырғандар болуы тиіс. Екінші. Ұлттық киім. Осындай қасиетті күндері әркім өзіне жарасатындай, сән-салтанатымен, мақтанышпен киетіндей ұлттық киім үлгілеріне ерекше мән берсе. Наурыз – барша қазақстандықтардың мерекесі. Сондықтан бұл ұлы мерекеге әр ұлттың өкілі өздеріне тән дәстүрлі киімдерін кисе. Қазақтың дәстүрлі ұлттық киіміне күллі әлем тамсана, қызыға қарайды. Барлығымыз осы қасиетті күні, басқа да атаулы күндері ұлттық киім киіп шығайық! Байқасаңыз, Тәуелсіздік таңы атқалы бері жоғарғы биліктен Наурыз мерекесінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қана әдемі шапан киіп, Ұлыс күнінде қалай жүрудің керемет мәдениетті үлгісін көрсетуде. Қазақтың «таныған жерде бой сыйлы, танымаған жерде тон сыйлы» дейтін мәтелі бар. Халық арасында белгілі бір топтар үйде де, түзде де, күнделікті тұрмыста да ұдайы жақсы киініп жүрген. Ел ағалары жағалы киім, тымақ және бөрік киген. Меніңше, біз шал, ақсақал, қарасақал, қарт, қария секілді атауларды кез келген жерге жөн-жосықсыз қыстыра бермей, өз ардақтыларымызды сыйлап, ел ағасы десек орынды болмай ма?! Ал енді бас киімге келсек, тымақтың түрі көп қой. Түлкі тымақ, елтірі тымақ, сеңсең тымақ, пұшпақ тымақ. Сыртын берік, қымбат маталармен тыстайды. Тымақ – қасиетті бас киім. Оны айырбастауға болмайды, оған аяқ тигізбейді. Жақсы кісілердің тымағы атадан балаға мұра ретінде қалып отырған. Біздің есімізде тымаққа салу дейтін салт болған. Халықта әдетте шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар. Оның себебі күнінен ерте туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге, ұстауға ыңғайлы болады. Бұл – тымақтың қадірі мен қасиетін бейнелейтін көрініс. Ұлтымыздың бас киімдерінің тағы бірі – бөрік. Бөріктің сырты мақпал, пүліш, барқыт сияқты қымбат маталардан тігіледі. Сәндік үшін төбесіне үкі, жиегіне моншақ, шашақ, түрлі асыл тастар, түйме, оқа, зер, күміс тағылады. Жас жігіттер мен сал-серілер, ақындар бөріктеріне үкі тағып, зерлеп, өрнектеп киген. Мысалы, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бөріктерінің төбесіне үкі тағып жүрген. Аналарымыз, қыз-келіншектер бергек, бөрік, жаулық, желек, жырға, кимешек, күндік, орамал, қарқара, сәукеле, тақия, шәлі киген. Соның ішінде сәукеленің орны бөлек. Сәукеле – тек бас киім емес, ол – қазақ халқының байлығы мен сән-салтанатының, мәдениеті мен өнерінің озық үлгісі, өнер туындысы ретінде бағаланатын өте қымбат этнографиялық мүлік. Сонымен бірге ол – қазақтың қыздарына деген көзқарасының да бір белгісі. Мұның бәрі айналып келгенде, экономикамыздың да қозғаушы күштерінің біріне айналады. Ел арасында ұлттық киімге деген сұраныс пайда болады да, кәсіпкерлер сапалы өнімге көңіл бөле бастар еді. Үшінші. Қызғалдақ – Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы ретінде бекітуді қажет етеді. Гүлдің адамға деген әсері өте мол. Себебі гүлден ерекше сұлулықпен бірге адам нәр алады. Гүл тұрған жерде биік сезім бар. Мереке күні аналарға, қыз-келіншектерге гүл сыйлау көңілдерге құштарлық сыйлайды. Бұған қоса мекемелер, көшелер, саябақтар қызғалдақтармен, басқа да гүлдермен көмкеріліп, абаттандырылса нұр үстіне нұр. Төртінші. Күн мен түннің теңелуі – астрономиялық көктемнің тууы. Астрономдардың тілімен айтар болсақ, бұл кезде Күннің орталығы өз қозғалысы барысында Жер экваторын кесіп өтеді. Ғылымда көктем туатын мезгілді түрліше шамалау әдісі қалыптасқан. Күн қозғалысына негізделген есеп бойынша нағыз көктем осы – Күн мен Түннің (21-нен 22-не қараған түні) теңелу сәті. Түн ортасы ауғанда жаппай жаңа күнді қарсы алу дәстүрін түлеткеніміз абзал. Басқа халықтарға қарағанда, Қазақстан халқының Жаңа жыл – Наурызды қарсы алуы осы қасиетімен басым. Бесінші. Батыстық ағайындар «Амал келді – жыл келді!» деп, арқа-жарқа болып, Ұлыс күнін бір кісідей атап өтеді. Ал бұл ерекше күн Ұлт Көшбасшысы ел дамуының кепілі ретінде белгілеп берген бірлік, татулық, отбасыны қастерлеу сияқты адамзаттық құндылықтарға құрылған. Наурыз мейрамына алдын ала үлкен дайындықтар жасалады. 14 наурыз күні таңғы сағат 6-дан бастап жұрттың бәрі үй-үйді жағалап көріседі. «Кім ерте тұрып, 40 үйге кіріп, көрісетін болса, соған Қыдыр ата несібесін береді» деген де сөз бар. Сол несібені алып қалу үшін кішкентай балдырғандар таң атпай ерте тұрып, үй-үйге жүгіріп, үлкен ата-әжелерге барып көрісетін. Үлкен адамдар «Бүгін көрісуге адамдар келеді» деп, үйінің айналасын, ішін тазалап, жаңа киімдер киіп, күтіп отырады. Сонымен бұл күн Көрісу күніне сұранып-ақ тұр. Алтыншы. Наурыз мейрамының рухани-мәдени тәрбиелік мәнін іс жүзінде өмірге енгізуді ұсынсақ артық бола қоймас. Бұл мақсатта наурыздың 21-і күні сипатын ашатындай әрі ұлттық таным мен дәстүр салтты жаңғыртатындай • Отбасы күні • Қайырымдылық жасау күні • Ақ дастарқан күні • Тал егу күні деп мазмұн бере отырып, рухани іс-шараларды неге қалыптастырмасқа. Мәселен, Отбасы күні ата-баба рухына тағзым ете отырып, үй іші түгел туғандарымен кездескені дұрыс. Дәстүрдің озығы бар. Корей халқы жылдың бір күнін тек отбасы-ошақ қасында өткізу үшін, отбасы мүшелері ата-анасына сәлем бере барып, бір-біріне қуаныш сыйлайды екен. Қайырымдылық жасау күні аста-төк ысырапшылдыққа емес, балалар және қарттар үйлеріне сый-сияпат жасаумен ерекшеленсе. Ал Ақ дастарқан күні – ұлттық тағамдар күні десе де болғандай. Бауырсақ, таба нан, салма, майшелпек, қаттама, талқан, бидай көже, тары, жент, майсөк, бөкпе т.б. тағамдардың ыңғайлы қаптамамен шығару өндірісіне ден қойсақ құба-құп болар еді.Наурызда сонымен қатар жаппай тазалық шараларын өткізу керек. «Бір тал кессең, он тал ек!» дегендей, 21 наурыз баршамыз, әсіресе балаларымыздан бастап, тал егіп, көшет отырғызумен айналыссақ. Бұл күн тамылжыған табиғаттың қайта оянатын тұсы. Тек қана өз үйімізді емес, сонымен қатар ауылдағы ауламыз бен қала көшелерінің тазалығына да қарауымыз қажет. Айнала табиғатты әсем ете түсетін де осы жайқалған ағаштар мен гүлдер емес пе? Әрі балдырғандарымызды еңбекке баулудың тамаша үлгісі болар еді. Жетінші. Дәл осы «Наурыз мейрамы» күндері аясында еліміздің іскер азаматтары, меценаттар, қоғамдық ұйымдар мен мекемелер балалар үйлеріне, тұрмысы төмен отбасыларға және қоғамның әлеуметтік қорғалмаған топтарына жәрдем жасап, қайырымдылық шараларына көңіл бөлгені жөн. Ас мәзірін әз-Наурызға бейімдеп, кәсіпкерлер Наурыз көже, бауырсағын алдымен сол адамдарға тегін таратса. Бұл игі істе Қазақстанның белсенді жастарын, волонтерларды Наурыздың жаңа тұрпатта тойлануына жұмылдырсақ, жүрегімізге жақын мерекенің мәні мен сәні арта түседі. Керек десеңіз, Наурыздың рухани мәртебесі үшін, жыл сайын қыс айларында дәстүрлі берілетін әдебиет пен өнер саласы қайраткерлеріне арналған сыйлықтардың табыс ету мерзімін де Наурыз мейрамына ауыстырған абзал. Сегізінші. Қыдыр баба (Қызыр) бар жақсылықтың, молшылық пен берекенің иесі, үміттің шырағын жағатын кие. «Қырықтың бірі – Қыдыр» сөзінің астарынан осындай түсініктен туындаған факторды көреміз. Қыдыр баба көпшіліктің алдында қашанға дейін бата беріп, «үлкен» кісілердің соңында жүруі тиіс? Қиялды ұштай түсетін мүмкіндіктерді пайдаланайық. Ендеше, Қыдыр бабаны Наурыз мейрамын өткізу барысында ұтымды пайдаланған абзал. Уақытының денін балалармен өткізсін. Тақпақ айтқызсын, өлең оқытсын, ән тыңдасын, өнерін көрсін! Сондықтан Қыдыр атаның мейірімі алдымен балдырғандардың көтеріңкі көңіл күйімен ұштасқаны керек. – Наурыз кезіндегі мәдени және спорттық шараларды қайтеміз? – Дұрыс айтасыз. Наурыз мейрамы аясында мемлекеттік деңгейдегі дәстүрлі мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастыруды жандандыру керек. Сондай-ақ бұқаралық спортты және халықтық дәстүрлерді насихаттау мақсатында, велошеру, марафон секілді бүкіл халықтық сипаты бар спорт шараларымен қатар ұлттық ойындардан жыл сайынғы республикалық «Наурыз спартакиадасын» ұйымдастыруды ұсынамыз. БАҚ мүмкіндіктерін пайдалануға айрықша назар аударғанымыз абзал. Барлық бұқаралық ақпарат құралдары Наурыз мейрамын атап өту барысында өткізіліп жатқан шаралардың танымдық және мазмұндық жағына мән беруі тиіс. Наурыз идеясын насихаттау барысында аймақтар арасында телекөпірлер өткізу, телемарафондар мен тақырыптық бағдарламалар, ақпараттың басқа да формаларын ұйымдастырудың маңызы зор. – Шынымен-ақ, сөзіңіздің жаны бар. Былай қарасаң қолдан келетін-ақ нәрсе. Ата-бабаға тағзым, ұрпаққа өнеге болушы еді. – Иә. Наурыз қоғамда саяси тұрақтылықты, достық пен келісімді нығайтудың, жалпы қазақстандық, отбасылық мерекенің тетігіне айнала бастауы тиіс. Бұл – осынау қасиетті де қастерлі жерді мұра етіп қалдырып кеткен ата-баба алдындағы борышымыз. Бұл – біздің ұрпақ алдындағы міндетіміз! «Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы дала деп, ал бабаларымызды Ұлы даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең-байтақ Ұлы даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы дала елі!» деп еді ғой Президент. Болашаққа бағдар жасап, үлкен серпіліс жасаған елімізге қазір дүниежүзі тамсанып, үлкен үмітпен қарап отыр. Ендеше, игілікке беттеген кез келген жаңа бастаманы ерекше ықыласпен атқарып, жаңғырған рухтың жаршысы болуға ұмтылайық. – Әңгімеңізге рақмет. Әңгімелескен Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан» https://egemen.kz/article/165252-arystanbek-mukhamediuly-nauryz-enh-aueli-baldyrghandargha-arnaluy-kerek