Бүгін Қазақстан тәуелсіздігінің айғағы – Ұлттық валюта күні. Осыдан тура 26 жыл бұрын төл теңгеміз айналымға енді. 1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қараша күні теңге ресми айналымға енген болатын.
Осыған орай Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде «Теңге – Тәуелсіздіктің айшықты белгісі» тақырыбында көрмесі өтті. Көрмені тамашалауға келген қонақтарға музей экспозициясындағы V-VIғ.ғ, XII-XIIғ.ғ, XIV-XVғ.ғ тән алтын, күміс, қола теңгелер және көрмеге қойылған 1898 -1993 ж.ж теңгелер таныстырылды.
Отырар өңірінде жүргізілген археологиялық зерттеулерде Отырар алқабында бірнеше түрдегі қола теңге шығарылғандығы дәлелденген. Бұл теңгелердің бет жағында шаршылы садақ және аяқтары бар, конус тәрізді құрбан шалатын орын түріндегі, «X» нысанды таңбалар сияқты белгілер бейнеленген.
Оларды Қаңлы мемлекетінің мұрагері болған, орталығы Сырдарияның орта ағысында орналасқан Кангу Тарбан деген түрік бірлестігінің әр түрлі билеушілері соқтырған болса керек.
Шу аңгарының қалаларьшда ақшамен сауда жасаудың дамығанын түргештер мен тухустардың теңгелері дәлелдейді, олар VII — VIII ғасырларда қағанаттарда шығарылған, бірақ XI ғасырға дейін айналыста болды.
Ал, XII-XII ғасырда Отырардан шыққан Мухаммед ибн Текештің теңгелері Қазақстан жеріндегі сауда-саттықта ерекше міндет атқарды. Ол дәуірдегі мыс, күміс, алтын ақшалар өзінің салмағы бойынша алтынмен бағаланып, сауда айналымына енді.
XVI ғасырда Отырардың мыс теңгелері Оңтүстік Қазақстан жерінде сауда айналымында өз міндетін атқарып келді.