Қазіргі жаһандану кезеңде санамыздың жаңғыруы ұлт тарихының мәдениеті мен құндылықтарын білу, насихаттау, сақтау арқылы жүзеге асады. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – қазақтың мәдениет, тарих, болмыс құндылықтарын көрсетеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ата-бабаларымыздың өздерін табиғаттың ажырамас бөлігі деп санағандығын атап өтті.
Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Аң стилі» туралы кеңінен насихаттау мақсатында 6 мамыр күні Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының экспозиция залында «ТАБИҒАТТАН АЖЫРАМАС ӨНЕРДІҢ ШЫҢЫ» тақырыбында көрме ашылды. Көрменің салтанатты ашылуында сөз алған мекеме директоры Ерсін Тәжібаев іс-шараның маңызы мен мақсатына тоқталса, археолог Нұртаза Алдабергенов «Аң стилі» сақтардың шығармашылық ерекшеліктері мен рухани байлықтарын бейнелеу тәсіліне айналғандығын, дала өркениетінің адамзат дамуына қосқан теңдессіз үлесінің бірі сақ бабаларымыздың қолынан шыққан аң стиліндегі жауһарлар болып табылатындығын айта кетті. Музей қорындағы аң стилінде және жануар бейнелі жасалған археологиялық жәдігерлер коллекциясымен жабдықталған көрмені таныстырушы Ақмарал Науанова таныстырып, аң стилі бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсететіндігіне көз жеткізді.
«Аң стилі» феномені әлемдік өнердегі биік белестердің бірі саналады. Сондықтан да аталған көрме музейге келушілерге 1 ай көлемінде таныстырылып, кеңінен насихатталады.