15 қараша күні Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі мен Көкмардан жалпы орта мектебінің ұйымдастыруымен Ұлттық теңгеміз күніне байланысты «Ұлттық валюта және Отырардағы теңге айналымы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелдің мақсаты оқушыларды патриоттық рухқа, өз мемлекетіне деген сүйіспеншілік, құрмет сезімдеріне тәрбиелеу, қазіргі нарықтық экономикалық дағдарыс жағдайындағы іс-әрекеттерді реттеуге үйрету, экономикалық терминдерімен таныстыру, үнемділікке, барды қадірлеуге баулу, ақпараттық жүйелерді пайдалануды үйрету, тілді құрметтеуге баулу.
Ұлттық теңгемізді - ұлттық құндылық ретінде бағалап, егемендігіміздің айрықша белгісі ретінде – мақтаныш сезімімізді жүрегімізге ұялата білу. Оқушылардың Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қол жеткізген жетістіктеріне мақтаныш сезімдерін ояту болып табылады.
Шара барысында Отырар музейінің ғылыми қызметкерлері Қ.Кемелова мен Г.Маябасова «Алғашқы ақшаның пайда болуы», «Отырардағы теңге айналымы» тақырыптарында баяндама оқып, Қазақстанның өз ақшасы, ұлттық валютасы – теңге айналысқа шығып, ел тәуелсіздігінің нығаюына, халықтың және кәсіпорындардың сеніміне ие болып, өзінің 26 жыл тарихында тәуелсіз егемен мемлекеттің міндетті рәмізі екенін дәлелдеп, мемлекеттің қаржы-несиелік саясатына орасан зор ықпалын тигізгендігін оқушыларға түсіндіріп, музей қорындағы археологиялық қазба кезінде табылған теңгелер туралы слайдты көпшілікке ұсынды.
Көкмардан жалпы орта мектеп директорының ғылыми-иновация жөніндегі орынбасары Э.Саметава, қосымша білім беру педагогы Г.Жаппарова, мектеп ұстаздары Г.Тәжібай мен Р.Халық теңге тарихы туралы мәліметтер бере отырып оқушылардың сұрақтарына жауап берді.
«Теңге – құн өлшемі, айналыс құралы, қазына жинау, төлем құралы» ғана емес Тәуелсіз еліміздің елдігінің белгілерінің бірі. Теңгенің алдағы уақытта атқарар игі істері мол. Әлі де асар асуымыз, алар белесіміз алда!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!