Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайту және бірлесе дамыту мақсатында бірқатар туристік орталықтармен келісімге келді.
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Көзейбаев Сапар Алиясқарұлы «Taraz Travel» туристік агенттігінің директоры Оралкүл Аширбаева, «Арман-тур» туристік фирмасының директоры Абжанова Салтанат Ағзамқызы, «Almaty City Tour» туристік фирмасының директоры А.Митин және «SkyWayLTD» туристік агенттігінің директоры Амантаев Медет Сабитовичпен меморандумға қол қойып, Отырар ауданына келуші туристер санын арттыру және оларға жағдай жасау бойынша келісті.
Мекеме басшысы Сапар Алиясқарұлы: «Түркістан облысында орын тепкен киелі Отырар өңірі туризм орталығына айналуға әбден лайықты. Түркі әлемінің мәдени астанасына айналған қалаға келуші туристердің саны жылдан-жылға арта түсуде.
Бұл жағдайдың Отырарға да оң ықпалы бар. Қазіргі таңда Отырар өңірінің тарихын насихаттау және дәріптеу, келушілер санын арттыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Сіздермен Отырар қорық-музейі, Арыстанбаб кесенесі, ортағасырлық Отырар қалажұрты және тағы басқа мемлекет қорғауына алынған нысандарды, ұлтымыздың мәдени мұрасын насихаттау, дәріптеу және туристерге қолайлы жағдай жасау жұмыстарын бірге жүзеге асырамыз деген сенім мол» - деп қорытындылап, туризмді дамытуға күш салуға уағдаласты.
Меморандум жасасқан соң, музей экспозициясындағы өңір тарихынан сыр шерткен құндылықтармен таныстырушы Нұрсейіт Әмзе таныстырды.