24шілде күні Аудандық Орталық кітапхана мен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ұйымдастыруымен қазақ халқының данагөйі, әдебиетші, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жылдығына орай «Шәкәрімнің дүниетанымы және оның қазақ қоғамындағы орны» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.
Шараның мақсаты: Шәкәрім бабамыздың өмірі мен шығармашылығын, рухани мұрасын жас ұрпаққа насихаттау, түсіндіру. Жиынға Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі мен Орталық кітапхана бөлімінің қызметкерлері, «Нұр Отан» партиясы Отырар аудандық филиалының қызметкерлері қатысты. Дөңгелек үстелді Аудандық орталық кітапхананың бөлім меңгерушісі Дәулетова Гауһар апайымыз жүргізіп, Ұлы ақынның өмірлік естеліктерінен сыр шертетін бейнероликтерді көпшіліктің назарына ұсынды.
Жиынды ашу үшін «Нұр Отан» партиясы Отырар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Абай Құрманға сөз беріліп, ойшыл Шәкәрім қажының қанатты фәлсафалық жырларын ортаға салып, оны бүгінгі ұрпаққа таныту керектігін айтты. Іс–шара барысында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің кіші ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының магистрі Абдуахитов Ерқожа «Шәкәрімнің дүниетанымы және оның қазақ қоғамындағы орны»
тақырыбында ғылыми баяндамасын оқып, Ұлы ойшылдың қазақ еліне сіңірген ұлағатты да, өнегелі істерін және ақынның қайталанбас рухани мұрасын философиялық тұрғыдан талдап, келген қонақтарға әңгімелеп берді. Шара соңында «Шәкәрім оқулары» байқауының жеңімпаз жеткіншектері мен Балдырған балабақшасының мәдени қызметкері Әбуова Гүлжазира Ұлы ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, жырдан шашу шашты. Іс-шараның қорытынды сөзі Аудандық орталық кітапхананың директоры Рыскелді Айнагүл Смайылқызына беріліп, Шәкәрім қажының қазақ еліне жасаған игі істеріне тоқталып, оның бүгінгі жас ұрпаққа берер ғибраты мол екендігін айтып,
бүгінгі дөңгелек үстел іс-шарасының маңыздылығын атап өтті. «Нұр Отан» партиясы Отырар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Абай Құрман Дәулетова Гауһар апайға, Абдуахитов Ерқожаға, Әбуова Гүлжазира т.б қызметкерлерді «Нұр Отан» партиясының бағдарламалық міндеттері мен шешімдерін жүзеге асыруда белсенділік танытқандары үшін алғыс хаттармен марапаттады. Жалпы, іс – шара жоғары деңгейде аталып өтіліп, қатысушы қонақтар «ҰЛТТЫҢ АСЫЛ ПЕРЗЕНТІ» тақырыбында көрмені тамашалады.