Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай «Еліміздің еркіндігі, тұғыры биік – Тәуелсіздік» тақырыбында фотокөрменің салтанатты ашылуы өтті.
Фотокөрменің мақсаты елдің саяси-экономикалық, рухани-мәдени дамуының айшықты көріністерін насихаттау, тарихи сәттерді ойға оралтып, жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеу болып табылады.
Іс-шарада еліміздің әнұраны шырқалып, ашып беру үшін сөз алған археолог-ғалым Нұртаза Алдабергенов Тәуелсіздікке жету жолындағы оқиғалар мен қазіргі жеткен жетістіктерімізді саралап, ұлық мерекемен құттықтады.
Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері мен еліміздің рухани мәдениеті, Тәуелсіздік белестерін қамтыған фотокөрмені Сағыныш Сыздықов таныстырды.
Сондай-ақ, аудандық мәдениет үйінің әншілері ел жүрегінен орын алған патриоттық әндерді шырқап, көпшілікті рухтандыра түскендей болды.
Тәуелсіздігіміз баянды болып, көк түсті Туымыз төбемізде желбіресін, алтын түсті Елтаңбамыз күн нұрымен сәуле шашып жарқырасын, Әнұранымыз аспанымызда шарықтай берсін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!