5-мамыр күні «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінде Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және Астана қаласының 20 жылдығына орай «КИЕЛІ ОТЫРАРДЫҢ ҚАСИЕТТІ МҰРАЛАРЫ» тақырыбында көрменің ашылу салтанаты өтті. Көрмені «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі директорының ғылыми істері жөніндегі орынбасары Дәурембеков Қуаныш Кәрібайұлы ашып беріп, Жамбыл Облыстық Туризм басқармасының бөлім басшысы Қажы Жомарт Жайнақұлы және Жамбыл облыстық тарихи – өлкетану музейінің директоры Ембердиева Гүлнұр Бақытқызы құттықтау сөз алып, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Көрмеде Отырардан шыққан ғұлама, ойшыл Әбу Нәсір әл-Фараби мұралары, Фарабидің араб тілінде жарық көрген шығармалары, «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы туралы» трактаты, «Аспан әлемі туралы ілім», «Музыканың ұлы кітабы» атты трактаттары мен ғұлама жерленген Сириядан әкелінген заттай жәдігерлері, сондай-ақ, Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы һәм тәлімгері, ислам дінінің уағыздаушысы Арыстанбаб әулиеге және әулие басына тұрғызылған кесенеге қатысты төл жазбалар мен деректер, өткен ғасырдың 30-шы жылдарына дейін болған мұсылман кітапханасының жұрнақтары саналатын қолжазбалар мен кітаптар, Арыстанбабтың ұрпақтары және кесенені тұрғызушы Ұста Халмырза Мүсәпірұлына жайлы жәдігерлер қамтылған. Тараз қаласының қонақтары мен тұрғындары тарихи танымға толы көрмені 2018 жылдың 5- ші маусымына дейін тамашалай алады.