Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазақтың кең байтақ даласын мекен еткен ежелгі көшпенді халықтың бүгінгі ұрпағының жеті кереметін атап көрсетті. «Жеті қырдың» алғашқысы атқа міну мәдениетіне арналды. Адамзат өркениетінің дамуына жылқының қосқан үлесі ұшан-теңіз.
Ата-бабаларымыздың атқа міну мәдениетін алғаш рет меңгергенін, ол басқа елдерге біздің даламыздан тарағанын әлем ғалымдары мойындап отыр. Елбасы біздің даламыз жөнінде дүние жүзінің архивтерінде көміліп жатқан деректерді тауып, зерттеп, қазақ тарихын нақты, шынайы етіп жазып шығуды тарихшыларға, ғалымдарға, мәдениеттанушыларға міндеттеді.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «Атқа міну мәдениеті» туралы кеңінен насихаттау және жылқы жануары туралы жан-жақты мәлімет беру мақсатында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде «ҚАЗАНАТ – ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСИЕТІ» тақырыбында көрме ашылды. Көрменің салтанатты ашылуында сөз алған мекеме директоры Айбек Жандосов іс-шараның маңызы мен мақсатына тоқталса, археолог Нұртаза Алдабергенов Нұрсұлтан Әбішұлының «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі»,
әйгілі Асқар Сүлейменовтің «Өзгелер маймыл¬дан жаралса жаралған шығар, қазақ жылқыдан жаралған» дейтін сөздерін еске түсіріп, дала тарихын ат тұяғының ізімен жазған көшпенділердің соңында Ботай, Берел, Есік секілді тарихи қорғандар қалғандығын айтып өтті. Көрмені таныстырушы Гүлмира Арыстанбаева таныстырып, ат-әбзелдеріне жан-жақты түсіндірді. Аталған көрмені музейге келушілерге 1-ай көлемінде таныстырылса, одан әрі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы әрбір тақырыптарға да көрме жасақталып, көпшілік назарына ұсынылады.