Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде 2020 жылдың 12 ақпан күні «Музейге сый» акциясы өтті. Шараның мақсаты ұлтымыздың құнды тарихи-мәдени мұраларын сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару. Ел арасында елеусіз жатқан маңызы зор жәдігерлерді, ұлтымыздың ірі тұлғаларының бұйымдарын кәсіби тұрғыда сақтауға жағдай жасау және музей қорын толықтыру болып табылады.
Акцияға қатысушы Отырар ауданының тұрғындары музей қорына этнографиялық тұрмыстық тоқыма бұйымдар (сырмақ, терме алашалар, қоржын, кілемшелер мен ұлттық киімдер), ағаштан жасалған бұйымдар (кебеже, сандық, келі мен келісап, аяқ киім қалыбы), картиналар табыстады. Көкмардан ауылының тұрғыны қолөнерші Әлімқұл Сәрсенкүл апамыз өзінің төл туындыларын әкеліп, олардың тарихымен таныстырып, қолөнер бұйымдарын өткізсе, Исабаева Нағима ағаштан жасалған бұйымдарын (өрмек адарғылары мен келі – келсап) сыйға тартты.
1930-1931 жылдарда Отырар ауданындағы канал қазу ісін жүргізген Дүйсенбай Алтынбековтың портретін шөбересі сыйға берсе, ауданымыздағы танымал суретші Амангелдиев Бақыттың Отырар ауданының әр саласында қызмет жасаған тұлғалардың суреті бейнеленген картинасы музей төрінен орын алды.
Шарамыздың қадірлі қонағы болған өлкетанушы, этнограф Абдулла Жұмашовта құр алақан келмей, қазақтың тұрмыс-тіршілігінде пайдаланған келі-келсабымен өзі авторлығымен жазылған «Отырардың ақындары» кітабын ала келсе, халық ақыны Әселхан Қалыбекова бірнеше кітаптарын музей кітапханасына берді.
Пірімжанқызы Дүйсенкүл мен Сүлейменова Жалғас апаларымыз да көненін көзіндей сақталған көне кебеже, сырмақтар табыс етті. Сондай-ақ, музей қызметкерлері де бүгінгі шараға белсене ат салысты. Атап айтар болсақ, Нұртаза Алдабергенов, Гүлнәр Дәуренқұл музей кітапханасына өз кітапханаларынан бірнеше тарихи кітаптарын, Байсариева Гүлжанат 14-15 ғ.ғ тән сфероконус, Қуаныш Шоқай, Олжас Құлымбетов, Мақсат Байтастар ел арасынан егіндік алқаптардан табылған керамикалық бұйымдармен, Ақлима Жұмашова, Маржан Дулат, Қалипа Кемелова, Гүлхан Маябасовалар этнографиялық жәдігерлермен музей қорын толықтырды.
Музей үшін осы заттар халық жадын жандандыруға қызмет ететін, мамандардың зерттеулеріне арқау болатын, ондаған, жүздеген жылдардан кейін де болашақ ұрпақ таңдана тамашалайтын құнды дүниеге айналады. Бүгінге дейін сақталып келген тарихи жәдігерлер кейінгі ұрпақ үшін аса бағалы мұра болып қалуына ат салысқан барлық қатысушыларға алғыс білдереміз.
«Музейге сый» акциясы жалғасын табады. Музей құндылықтарына жанашырлық танытып, ат салысуға асығайық, ағайын!