18-мамыр күні Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Астананың 20 жылдығына орай 18-мамыр Халықаралық музей күніне арналған «Музей - халық қазынасы» тақырыбында тарихи – танымдық кеш өтті.
Адам өмірінде және қоғамда мұражайдың алар орнының маңыздылығын түсіндіру, музей құндылықтарына деген халықтың ықыласын арттыру мақсатында өткен іс-шарада мерекелік шарада «Тас дәуірі – Қарахан дәуірі» экспозициялық бөлімінен бастау алған таныстыру жұмысы сол кезеңдердегі киім үлгісімен әсерлі болды.
«Отырар Моңғолдардың кезінде» бөлімінде Ө.Жәнібеков атындағы лицей-интернатының оқушыларының қатысуымен XIII ғасырдағы «Отырардың күйреуі» тақырыбында қойылым қойылса, құмырашы Ж.Ерімбетовтың шеберлік сабағы арқылы көрсетілген көріністер де көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Әлем ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби тек отырарлықтардың ғана емес, күллі түркі әлемінің, қала берді мұсылман қауымының мақтанышы. Ғұлама бабаның туған жер туралы толғамы, ғылым мен білім жайлы толғаныстары, Шәмші ролін сомдаған көріністері тамашалаушыларды тебірентті.
XIX-XXғ.ғ қазақ халқының тұрмыс тіршілігін көрсететін: «Киіз үй», «Қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығы – Ұлттық киімдер», «Аңшылық, саятшылық, балық аулау» таныстырылымдарында арнайы киіммен шыққан музей қызметкерлерінің әрекеті келушілерді оқиға ортасында жүргендей күйге ендірді. Викториналық сұрақтар қойылып, сыйлықтарға ие болған қонақтар мерекелік шараның қызықты өтуіне өз үлестерін де қосты.