27 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейімен Темір ауылдық мәдениет үйінің бірлесе ұйымдастыруымен Әбу Насыр әл-Фарабидің туылғанына 1150 жыл толуына орай «Әл-Фараби мұралары» тақырыбында семинар өтті.
Ұлы ғұламаның өмірі мен еңбектерін насихаттау, фарабитанудағы зерттеулер мәселелерін көтеру мақсатында өткен шараны Аудандық әдебиет және өнер бірлестігінің төрағасы Сағындық Қыдыр ашып берсе, Отырар қорық-музейінің «Этнография, әдебиет және мәдени-көпшілік іс-шаралар» бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.к. Жұмашова Ақлима «Әл-Фарабидің рухани тағылымы» және аға ғылыми қызметкері Айтбай Сәбира «Әл-Фараби мұраларының зерттелу мәселелері» тақырыптарында баяндамаларын оқып,
Ұлы ғұламаның еңбектерінен тың мағлұматтар берді. «Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби» музейі арнайы дайындаған кітап көрмесі арқылы Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерін таныстырып, семинардың мазмұның тереңдете түссе, Отырар қорық-музейінің «Музей қорындағы ХІХ-ХХ ғғ. зергерлік бұйымдар коллекциясы» көрмесі де қатысушыларға музей заттарынан көптеген мәліметтер бере алды.
Семинарды қорытындылаған Темір ауылдық мәдениет үйінің директоры Тәңірберген Кенжехан Әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өту шараларының жоғары деңгейде аудан, облыс, республика көлемінде өз жалғасын табатындығын атап өтті.