2017 жылғы 29-қарашада Отырар мемлекеттік археологиялық қорық- мұражайы Кенесары көтерілісіне 180 жыл толуына орай, "рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Ө. Жәнібеков атындағы №4лицей-интернатында "Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілістің тарихи маңызы" тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Бұл іс-шараның мақсаты ел тәуелсіздігі үшін күрескен Кенесары ханның ерлігін насихаттап, жас ұрпақтың еліне деген сүйіспеншілігін ояту, жерін қорғай білуге тәрбиелеу. Шараға музей қызметкерлері мен мектеп оқушылары қатысты.
Дөңгелек үстелді лицейдің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Үсенқызы ашып, Отырар музейінің ғылыми қызметкері Е.Абдуахитов "Кенесарының қазақ тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін қалыптастырудағы рөлі" тақырыбында баяндама оқыды. Шара барысында мектеп оқушылары арасында пікірталас болды. Жиынды археолог Нұртаза Алдабергенов қорытындылай отырып, көтерілістің тарихи маңыздылығына тоқталып, құнды мәліметтермен бөлісті.