Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХХI көшпелі отырысы кеше еліміздегі жастардың ең көп шоғырланған Оңтүстіктің орталығы Шымкент қаласында өтті. Бүгін осы жиынға қатысқан делегаттардың бір тобы ауданымызға ат басын бұрды. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жастар саясаты департаментінің директоры Асхат Оралов бастаған жастар тобын аудан әкімі Ерлан Айтаханов күтіп алды. Меймандар алдымен тарихы тереңнен тартқан өлкенің жәдігерлерін жинаған Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейін аралап, танысты.
Музейден соң ашық аспан астындағы музей, яғни, Отырартөбе қалажұртына барып, қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған нысандарды көзбен көріп, орта ғасырға ойша саяхаттап қайтты. Мұнан соң қонақтарымыз мұсылман қауымы тәу ететін киелі Арыстанбаб кесенесіне бас сұғып, зиярат етіп шықты. Сондай-ақ, аудан басшысы меймандарды тарихи екі нысанның абаттандыру жұмыстарының жоспарымен таныстырды. Аудан әкімі Ерлан Қуанышұлы ел тарихын жастардың терең тануы олардың таным көкжиегін арттыратынын, отан сүйгіштікке баулитынын, Елбасымыздың жастарға сенім білдіретінін баяндай келе, қонақтарға аудан тарихынан сыр шертетін кітаптар мен қолөнер бұйымдарын сыйға тартты.