Бүгін Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі Отырар қалажұртында БАҚ өкілдерінің қатысуымен пресс-тур ұйымдастырды.
Биылғы жылы ортағасырлық Отырар қалажұртында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақ хандығының қалалары: саяси, экономикалық және мәдени өмірдің орталықтары» жобасы аясында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.
Жобаның мақсаты Отырар қалажұртының XIII-XV ғғ. тән құрылыс қабатын ашу, ғылыми айналымға енгізу, қаланы мекендеген тұрғындардың заттай материалдары мен рухани танымын айқындау; жазбаша, нумизматикалық және басқа дереккөздердегі далалық және камералық зерттеу материалдары негізінде Сайрам,
Сауран, Сығанақ, Түркістан, Тараз және өзге де алыс-жақын елдердегі қалалармен туыстық байланысын анықтау, қолда бар барлық ақпаратты жинау және жүйелендіру, құжаттардың стандартты формаларына сәйкес жаңа деректерді ұсыну болып табылады.
Жоба аясында Бердібек сарайының солтүстік-батыс бөлігінен дүние тарапынан шамалы қиыс салынған үлкен бір әулетке тиесілі, көлемі 6,3х7,7 м келетін кесене орны анықталып зерттелді.
Жобада тікбұрышты кесене үш бөліктен, яғни, дәліз (дромос), қабірхана және зияратханадан тұратын порталды құрылыс XV ғасырдың бірінші жартысында салынған сәулет өнері туындысы болып табылады. Екі бөліктен, яғни, төменгі қабірхана және жоғарыда орналасқан зияратшылар отыратын бөлмеден тұратын сағана құрылысы XIII-XIV ғғ. тән сәулет өнері туындысы болып табылады.
Қаланың орталық бөлігінде, яғни, Бердібек хан сарайына және орталық мешітке жақын орналасқан құрылыс орнына жүргілізген қазба жұмысы барысында сағананың төменгі қабірхана бөлмесінен төрт кісі жерленгендігі белгілі болды. Бұл жерде басты назар аударатын жәйт, сағана ішіне қойылған мүрделердің барлығының кеудеден жоғарғы бөлігі сақталмаған.
Археологиялық зерттеу жұмысы барасында қол жеткізілген нәтижелерді насихаттау барысында ұйымдастырылған шарада БАҚ өкілдері Отырар қалажұртындағы аршылған нысандар мен реставрациялық жұмыстармен танысты.
Қазіргі таңда қазба барысында табылған археологиялық жәдігерлерге Сапар орталығында камералды өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. БАҚ өкілдері жоғарыда аталған жұмыстармен де танысып, мамандармен сұхбаттасты.