Бүгін 10- сәуір күні Елбасымыздың Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» «Туған жер» бағдарламасы аясында Жамбыл атындағы мектеп - лицейінде Отырар қорық-музейі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасына 295 жыл тақырыбындағы семинар болып өтті. Семинардың мақсаты 18ғ. қазақ хандығының тарихына үңіле отырып, қазақ-жоңғар қатынастарын суреттеу арқылы халқымыздың басына төнген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарын, сол кезі өмір сүрген еліміз үшін еренбей еңбек еткен ұлы тұлғаларымыз жөнінде жан-жақты мәлімет беру болып табылады. Семинарға археолог, ғалым Н.О.Алдабергенов, Ауданымыздың өлкетанушысы Бейсенбай Бекжан, Әдебиет бірлестігінің төрағасы Сағындық Қыдыр, Орталық кітапхана меңгерушісі Рыскелді Айнагүл және музей қызметкерлері, мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты.
Семинар «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тақырыбында дайындалған сурет көрмесін тамашалаудан бастау алды. Семинар барысында Ұлы шайқас жылдарын бейнелейтін слайд көрсетіліп, ұлттық тұтастықты сақтап қалған, ұлттық сана-сезімді бір саты жоғары көтерген, қазақ әскери өнері жетістігінің, қазақ ынтымағының көрінісі болған тарихи оқиғалар туралы әңгіме болды. Семинарда музейдің аға ғылыми қызметкері А.Таубек «Қазақ жоңғар шайқасының тарихы» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, Жамбыл атындағы мектеп лицейінің оқушылары «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасына қатысты тарихи оқиғаларға қысқаша тоқталып, «Тәуелсіздік жалауы» атты өлең шумақтарын оқыды. Ұлт тарихын насихаттап, рухани азық берген танымдық шараны қорытындылаған музей ардагері Н.Алдабергенов келген ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс білдіре отырып, саяси тарихтың кереғар іздері жас буынға, яғни еліміздің болашағына үлкен үміт артатынын айтты.