Бүгін Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде қазақ жерінде сан ғасырлардан бері тойланып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан Наурыз мейрамына арналған іс-шара өтті.
«ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ- НАУРЫЗ» мерекесіне арналған шараны ашып берген мекеме басшысы Айбек Жандосов «Баршаңызды елдік пен бірліктің, еңбек пен ырыстың, татулық пен түсіністіктің жайдары, жарқын мерекесі Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Ежелден Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге жаңғырған Наурыз мейрамы көпұлтты Қазақстан халқы үшін мерейлі мерекеге айналып, бірлік пен ынтымақтың, саяси тұрақтылықтың нығаюының негізі болды.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурыз мейрамын ерекше, жаңа форматта тойлауды ұсынды, ол өз сөзінде игілікке беттеген кез келген жаңа бастаманы ерекше ықыласпен атқарып, жаңғырған рухтың жаршысы болуға ұмтылайық деген болатын.
Министрдің игі бастамалары қолға алынып, жүзеге асыруға ат салысып жатырмыз» - дей келе барша қазақстандықтарға ізгі тілегін жеткізді. «Наурыз мейрамының ізгілік мәнін түсіндіру, жалпыадамзаттық құндылықтарды өркендету мен нығайтуға бағытталған шарада ән шырқалып, би билеп, домбырадан күй тартылып, жиналған жұртшылық бір-біріне ақ тілектерін білдірісті. Қазақтың салт дәстүрінің бірі Тұсау кесер көрінісін жасап, бірнеше балалардың түсаулары кесілді. Шара соңында ұлттық тағамдардан дайындалған дастархан жайылып, Наурыз көже берілді.