Бүгін 24 қазан күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»,«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясында Сарыкөл негізгі мектебінде көрнекті ғалым-археолог Әлкей Хақанұлы Марғұланның туылғанына 115 толуына байланысты «Ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның туғанына 115 жыл» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелді жүргізген музейдің аға ғылыми қызметкері Азат Таубек бүгінгі шараның басты мақсаты өскелең жас ұрпаққа ұлы ғалымның тарихы мен археология саласындағы мол мұрасын жеткізу, оларға рухани тәрбие беру екендігін айта келе, шараны ашып беру үшін алғы сөзді археолог ғалым, Әлкей Марғұланның шәкірті Н.О. Алдабергеновке берді.
«Қазақстан археологиясының қалыптасуы тікелей осы тұлғаның есімімен байланысты. Әлкей Хақанұлы – жан-жақты ғалым, тарих төңірегінде көп еңбек сіңіріп, Қазақстан археологиясының жеке ғылым ретінде қалыптасуында ерекше із қалдырды» - деп, ұлы тұлғамен бірге жүрген кездеріндегі естеліктермен қызықты деректерімен бөлісті.
Музейдің ғылыми қызметкері Н.Ермашова «Әлкей Хақанұлы Марғұланның өмірі мен еңбек жолдары» тақырыбында баяндама оқып, қатысушы қонақтар өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Тарих пәнінің мұғалімі Асанова Ханзада - тарихи тұлғаның тәлімін алған Нұртаза Алдабергенов ағамызға, және музей қызметкерлеріне алғысын айтты.
Шара барысында Әлкей Марғұланның фото суреттері мен «Ортағысрлық Отырар мәдениетінің дамуы» атты көрме слайд арқылы көпшілік назарына ұсынылды.
Мектеп директоры Асан Дінмұхаммед музей қызметкерлеріне алғыс айта отырып, жас ұрпақ үшін қызмет етіп жүрген музей қызметкерлерінің еңбектеріне табыс тіледі.