2018 жылдың 28 маусым күні «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы» РМҚК қызметкерлері Ордабасы ауданының «Шұбарсу» елді мекенінде «Ұлттық қолөнер ұрпаққа аманат» тақырыбында этнографиялық экспедиция ұйымдастырды. Ғылыми экспедицияның құрамында мұражайдың «Этнография, әдебиет және мәдени-көпшілік іс-шаралар» бөлімінің меңгерушісі Жұмашова А., аға ғылыми қызметкер Айтбай С., ғылыми қызметкерлер Маябасова Г., Өскенбаева Ж. болды. Асқар тау, таза ауалы, сыңсыған орманды, суы шәрбат, топырағы торқа, қойны құт-қазыналы, ұлан-ғайыр өңірді өріс-қоныс етіп, табиғаттың дарқандығын да, тарпаңдығын да басынан кешіріп, талай-талай тарихи кезеңді өткерген ата-бабаларымыз адамзат қоғамының көшінде өзінің шаруашылық негізіне, тұрмыс тәсіліне, ұлттық ерекшелігіне қарай дара ұлттық дәстүрін, салт-санасын қалыптастырып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, аса бағалы заттық мәдениеті мен рухани мәдениетін сақтап қалды. Бұл адамзат мәдениетінің құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Сол асыл қазыналардан көненің көзіндей болып, дәуірімізге жеткен мұраларымыздың бірі – ұлтымыздың дәстүрлі қолөнер мәдениеті. Қазақ қолөнер мәдениетінің түп тамыры сонау тас дәуірінде жатқаны мәлім. Халқымыз көшпенді және жартылай көшпенді тұрмыстың мүддесі үшін сан-салалы шаруашылықпен шұғылданды. Міне, осыған қажетті барлық сайман-жабдықтарды, құралдарды қолдан жасап, өндіріп пайдаланды. Анықтап айтқанда, халқымыз қолөнершілік шеберлігімен өз тұрмысына қажетті киім-кешек, ішіп-жем, үй-жай, құрал-жабдық, қару-жарақ саймандарының барлығын өз қолдарымен жасады.
Негізгі шикізаты – мал шаруашылығы, аңшылық өнімдері, мекендеген жерінің табиғи байлықтары еді. Сәндеп киім тігу, үй жабдықтарын сәндеу, әбзел-жабдықтар мен жиһаздарды әшекейлеу, әсемдік түс берумен қатар, заттық мәдениетке деген қажеттілік – зергерлік, кестешілік, тоқымашылық, өрімшілік, ою-өрнек, сырлау, бедерлеу, көздеу, айшықтау т.б. қосалқы өнер түрін гүлдену сатысына қадам бастырды. Осылайша халық ішінен небір керемет ісмер шеберлер шықты. Сөйтіп, халқымыздың ұлттық қолөнерін қалыптастырды. Қазақ халқының ұлттық қолөнерінің түп төркіні тым әріден бастау алып, дәстүрге айналып бүгінгі күнге жетіп отыруы, қазақ халқының халық болып қалыптасуының заттық айғағы болып табылады. Этнографиялық экспедицияның мақсаты: Халқымыздың қолөнер мәдениеті мен тіл мәдениетінің байлығын, этнографиялық қазыналарымыздың дәстүрлі қорларын жинап, атадан балаға жалғап, тарихта қалдыру. Ұрпақтарға өз ұлтының қолөнер мәдениетінін аманаттау. Далалық экспедиция барысында мұражай қызметкерлері Ордабасы ауданының «Шұбарсу» елді мекенін аралап, қазақтың дәстүрлі қолөнер мәдениетіне қатысты бай қазыналарын іздестірді, қолөнер шеберлерінің бұйымдарын жинастырып, өздерін де суретке түсіріп, олардың қолөнерге тән аса құнды тәжірибелері мен дәстүрлі бұйымдарының жасалу жолдарын жазып алды. Осы арқылы сол өңірдің қолөнер бұйымдарын өзге өңірлердікімен салыстыра отырып, зерттеу арқылы реттеп, жүйеге келтіру жұмыстарын атқармақ. Нәтижесінде, Шұбарсу елді мекенінің қолөнер шеберлері анықталып, олардың өздерінің қолдарынан шыққан бұйымдары Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайына табысталды. Алтын қолды шеберлерімізді атап айтсақ, Өмірбекова Әсемгүл, Өмірбаева Оразкүл, Алпысбаева Оразкүл, Жұмашова Орынкүл. Сонымен қатар, Темірлан ауылынан Сенбі Қиясбек.