Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі мен Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби музейінің бірлесе ұйымдастыруымен «ОТЫРАР – АҚЫНДАР ОРДАСЫ» тақырыбында іс-шара өтті.
Шараның мақсаты: ІХ-ХҮ ғасырлардағы қазақ даласының ғұлама-ғалым ақындары, (Әбу Нәсір әл-Фараби, Йсмайл әл-Жауһари әл-Фараби, Әлам-ад-Дин әл-Жауһари әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи) сондай-ақ ХІХ ғасыр мен ХХІ (Қаратау, Қазығұрт атырабы мен Сырдың орта ағысында өмір сүрген Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Жүсіпбекқожа Шайықысламұлы, Икрам Ишан Қасымұлы, Ергөбек Құттыбайұлы, Мырзабек (Қызыл жырау) Байжанұлы, Елеусіз Байырбекұлы,
Сәдуақас Жақашұлы, Балтабай Тебейұлы, Зияш Қалауова, Тәушен Әбуова, Мұхтар Шаханов, Қаныбек Сарыбаев, Әселхан Қалыбекова, т.б. жалпы, Әл-Фарабиден Әселханға дейін) ғасырдың басындағы Отырар алқабы ақындарының шығармашылық өмірі туралы, ғылыми-зерттеу, ғылыми аударма, ғылыми баспа жұмыстары, іс-шаралар арқылы осы асыл рухани қазынамызды жарыққа шығарып, халық игілігіне айналдыру болып табылады.
Отырар алқабының ақындарының фото шежіресінен жабдықталған көрмемен танысумен бастау алған іс-шараны Отырар қорық-музейінің директорының кеңесшісі Нұртаза Алдабергенов пен Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова ашып берді. Іс-шара барысында Руханият-Әбу Насыр әл-Фараби музейінің негізін қалаушы, әдебиетші, этнограф А.Жұмашев «Отырар алқабының ақындары» атты кітаптың тұсауы кесілді. Кітапта Отырар алқабы ақындарының шығармашылығы және оларды ғылыми тұрғыда зерттеп - зерделеген.
«Отырар әдебиеті мен өнері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ауданымызға кеңінен танымал Сағындық Қыдыр, тарихшы Бекжан Бейсенбай, аудандық саз мектебінің ақындық сыныбының жетекшісі Гауһар Жүсіпғалиевалар өңір ақындарының шығармашылығына тоқталып, естеліктері туралы сөз етті. Ақын Бегаман Сұлтаев Шәмші Қалдаяқовқа арнау оқып, тұсауы кесілген кітап авторын құттықтады. Шараны қорытындылаған Отырар қорық-музейінің директоры Сапар Көзейбаев ұйымдастырылып отырған іс-шараның маңызды екенін айтып, ақындарымызды дәріптеу жалғасын табатындығын жеткізді.