2020 жылы 18 мамыр күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде Халықаралық музейлер күні мерекесіне орай «Музейлер түні» акциясы өтті. Биыл елімізде орын алған карантинге байланысты аталған шара онлайн форматта ұйымдастырылды.
«Отырар – өркениет ордасы» тақырыбындағы тарихи – танымдық шараның басты мақсаты - мәдени құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін заманауи форматта танытып, музей құндылықтарына деген халықтың ықыласын арттыру болып табылады.
Биылғы «Музей түні» шарасы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы аясында «Ұстаздың оралуы» тақырыбындағы театрландырылған қойылым көрсетілді. Бұл қойылымдағы мақсат - әлемдік өркениетте өз орнын ойып алған ұлы жерлесіміз әл-Фараби іліміне қайта оралу, танып білу, ұлт мүддесіне жарату – таусылмас рухани азық, баға жетпес рухани құндылық болып табылады. Қазақ даласы Отырарда дүниеге келіп, түркілік дүниетанымның мүмкіндігін әлемге паш еткен Әбу Насыр әл-Фараби адамзаттың кемелдікке деген үздіксіз ұмтылысын бейнелейді!
«Дала археологы» деген лақап атымен белгілі, туған өлкесіндегі көптеген заттық-тұрмыстық мәдениет ескерткіштерін тауып, ғылымға «Отырар-Қаратау археологиялық мәдениет ескерткіштері» деген атпен енген тарих пен мәдениет құндылықтарының табылуына, сақталуына, зерттелуіне өзіндік үлкен үлес қосқан өлкетанушы, Отырар қорық-музейінің негізін қалаушы Асантай Әлімов туралы деректі фильм көрсетілді.
Отырар қорық-музейі 2018 жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Тарихи тағылымға толы шараларда тамаша театрландырылған көріністер және қызықты ойындар ұйымдастыру арқылы музей қонақтарына керемет әсер қалдырған болатын. 2018 -2019 жылдардағы музейдің ғажайып түндерінде өткен іс-шараларға шолу жасалды.
Сондай-ақ, Отырартөбе қалажұртының видео таныстырылымы көрермендер назарына ұсынылды.