2019 жылдың 7 ақпан күні Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің негізін қалаушы, тарихшы ұстаз Асантай Әлімұлының туғанына 90 жыл толуына орай «РУХЫ МУЗЕЙ ДЕП ЖАРАЛҒАН ЖАН» тақырыптық көрме ашылды. Көрменің салтанатты ашылуында Отырар ауданының әкімі
Е.Айтаханов, музей ардагерлері Н.Алдабергенов, А.Жұмашов және Темір ауылының Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Сыйқымбаев құттықтау сөз сөйлеп, көрмені ашып берді. «Дала археологы», «Музей - адам» деген лақап аттармен белгілі Асантай Әлімұлы туған өлкесіндегі көптеген заттық-
тұрмыстық мәдениет ескерткіштерін тауып, ғылымға «Отырар-Қаратау археологиялық мәдениет ескерткіштері» деген атпен енген тарих пен мәдениет құндылықтарының табылуына, сақталуына, зерттелуіне өзіндік
үлкен үлес қосқан өлкетанушының өмір жолы, ғылыми еңбектері, мақалалары қойылған көрме көпшілікке таныстырылды. Сондай-ақ, шара барысы ұстазға арналған «Музей адам - Асантай Әлімұлы» тақырыбында
дөңгелек үстелге жалғасты. Дөңгелек үстелді мекеме директоры А.Жандосов ашып беріп, Асантай Әлімұлы туралы деректі фильм көрсетілді. Темір мектебінің директоры А.Қасымбек, музей қызметкері М.Байтасовтар
баяндама жасап, жиынға қатысқан Асантай Әлімұлының шәкірттері, балалары, музей ардагерлері ол кісінің естеліктері туралы әңгімелер өрбітіп, ұсыныс-пікірлер айтылды. Шара соңында Асантай Әлімұлына арналып ас беріліп, құран бағышталды.