Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің "Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің" ұйымдастыруымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Отырар қорғанысының 800 жылдығына орай «Қамалы бекем, халқы қайсар - Отырар» (Отырар қорғанысына 800 жыл) тақырыбындағы жоспарлы жылжымалы көрмесі Шығыс Қазақстанда жалғасын тапты.
27 маусым күні Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Облыстық тарихи-өлкетану музейінде тағылымы мол көрменің салтанатты ашылуы болды. Аталған шараға Шығыс Қазақстан облысы Өнер музейі, Пушкин атындағы облыстық кітапхана, қалалық кітапхана және жасөспірімдер мен балалар кітапханасының қалалық музейлердің қызметкерлері, сонымен қатар қала қонақтары қатысты.
Облыстық Тарихи-өлкетану музейінің директоры Светлана Константиновна Нұрғазиева көрмені ұйымдастырушы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейіне ризашылық алғысын білдірдіріп, алдағы жоспарлы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Көрменің мақсаты мен мазмұны жайында Отырар қорық-музейінің бөлім меңгерушісі Е.Шоқай мәлімдеме жасап, іс-шараға қатысқан «Хабар» телеарнасы, «Алтай» телеарнасы, ШҚО Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының сайты, «Рудный Алтай» газетіне сұхбаттар берілді.
Көрме экспозициясымен көпшілікті Отырар қорық-музейінің қызметкері Қарлығаш Есіркеп таныстырды. Ұйымдастырылған тағылымды көрмені шығыс өңірінің тұрғындары мен қонақтары 29 шілдеге дейін тамашалай алады.