2019 жылдың 8 мамыр күні Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде «Экспозиция, экскурсия және қоғаммен байланыс» бөлімінің ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысының 74 жыл толуына байланысты Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловаға арналған «ШЫҒЫСТЫҢ ШЫНАРЫ – ӘЛИЯ» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.
Дөңгелек үстелдің алғашқы сөзін қор сақтау бөлімінің меңгерушісі Е.Шоқайға беріліп, ол өз сөзінде «Қасиетті де қас¬тер¬лі Отан үшін жан беріп, жанын пида еткен шейіттерді жыл сай¬ын еске алып, олардың рухына тағзым ету – біздің, кейінгі ұр¬пақ¬тың ең басты парызы. 1941-1945 жылдардағы Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі ретінде тарихқа мәңгі енеді.
Бұл соғыста Қазақстандағы әр отбасынан жүздеген мың адам қолына қару алып, ұрыстарға қатынасып, 500 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Сонымен қатар жаратылысы нәзік гүлдей әйел заты болса да, кез келген ер азаматтың қолынан келе бермейтін ерекше қайсарлық, жігер, көзсіз ерлік бойынан табылған Әлия апамыздың есімі қазақ халқы үшін қашанда мәртебе болып қала береді» - дей келе, күні кеше ғана Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Ресейдің Сант-Петербург қаласында Әлия Молдағұловаға ескерткіш қойылып, салтанатты ашылуы өткендігін айтып өтті.
Іс-шара барысында аққан жұлдыздай жарқ етіп жоқ болған қысқа ғұмырында ел сүйсінерлік ерлік жасап, артында аңызға айналдырарлық әңгіме қалдырған батыр қызымыз Әлия Молдағұлованың өмір жолы туралы Әліпбекова Жазира баяндама оқып, Батыр қыздың ерлігі, қайсарлығы жайында видеоматериал көрсетілді.
Отырар қорық-музейінің кітапхана меңгерушісі Әбдірәлі Нұрғайша айтулы мерекеге орай «Туы мәңгі желбіресін» тақырыбында кітап көрмесін таныстырды. Дөңгелек үстелді «Экспозиция, экскурсия және қоғаммен байланыс» бөлімінің меңгерушісі Досхан Жұмаханұлы Ұлы Отан соғысында туған жерін қорғаған аты аңызға айналып, ерлік істері барша ұлтты таң қалдырған қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың жарқын өмірі мен ерлік істері ұрпаққа үлгі, өнеге екенін айтып қорытындылады.