Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі» мен Отырар ауданы С.Әлиев орта мектебінің бірлесіп ұйымдастыруымен «РУХЫ АСҚАҚ, КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ - ОТЫРАР АУДАНЫНА 85 ЖЫЛ» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты: ауданның құрылуына мұрындық болған ұлы тұлғалардың атқарған істері мен ауданның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстары туралы насихаттау.
Іс-шара Отырар қорық-музейінің «ОТЫРАР АУДАНЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 85 ЖЫЛ» тақырыбында жабдықтаған көрмесін тамашалаумен бастау алды. Көрмеде 1938-1940 жылдары аудан басшыларының тұтынған заттары мен өлкенің тарихын айшықтайтын фотосуреттер таныстырылды.
Отырар ауданының тарихын кеңінен насихаттау мақсатында жалғасын тапқан дөңгелек үстелде Отырар қорық-музейінің ғылыми қызметкерлері М.Ахмет, Г.Маябасова және С.Әлиев орта мектебінің мұражай жетекшісі Н.Дүйсенбиева «Отырардың тарихы», «Отырар кеше, бүгін, ертең», «Шөл даланы қайта түлеткен – қаһарман» тақырыптарында дайындаған баяндамаларын оқыды.
Баяндамаларда Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің 1934 жылы 27 желтоқсандағы №106 қаулысымен Шәуілдір ауданын құру туралы шешім қабылданды. 1935 жылы 9 қаңтарда Қазақстан ОАК шешімі бойынша Шәуілдір ауданы Түркістан ауданынан бөлініп, өз алдына отау тікті.1991 жылы ауданға ежелгі «Отырар» атауы берілгендігін айтып, тәуелсіздік жылдардағы жетістіктеріне дейін қамтылды. Шараға қатысушылар мен оқушылардың сұрақтарына жауаптар беріліп, олардың ой-пікірлері тыңдалды. Ауқымы кең, тағлымы мол шараны мектеп директоры С.Исабай қорытындылап, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.