Қыркүйектің 19-ы күні Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Ө. Жәнібеков атындағы №4 лицей-интернатында Мемлекет және қоғам қайраткері Ө. Жәнібековті еске алу мақсатында «ДӘСТҮРДІҢ ДАРА ДІҢГЕГІ» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты қарымды қаламгер, ойы терең тарихшы, публицист Өзбекәлі Жәнібековтың халыққа сіңірген ерекше еңбегін көрсету, өзінің дарындылығымен, парасаттылығымен, қайраткерлігімен өз атын мәңгіге қалдырған, өмірін туған халқының болашағына арнаған тұлғаны келер ұрпақтың бойына сіңіру, еңбектерін дәріптеу болып табылады. Жиынды Ө. Жәнібеков атындағы №4 лицей-интернатының тәрбие - ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Жақашеваға беріп, Отырар қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері Қалипа Кемелова «Ұлы тұлғаның тағдыр тағылымы» тақырыбында баяндама оқып, өнертанушы, ғалым туралы «Сөнбес сәуле» тақырыбында бейне фильм көрсетілді.
Мектеп оқушылары ұлтын шексіз сүйген тұлғаға арналған арнаулар мен жыр-шумақтар оқыды.Сондай-ақ, Өзбекәлі Жәнібековты тереңнен тану үшін, оның болмысынан қажыр-қайраты мен ақыл-парасатының, ізгі қасиеттерінің бағытталған іс-һарекетіне байыппен көз жүгірту үшін ұйымдастырылған шарада «Қолөнер халық қазынасы» тақырыбындағы көрме көпшілікке таныстырылды. Бүгінгі шараның нәтижесінде қазақтың дәстүрлі мәдениетінің рухани құндылықтарын сақтау мен жаңғырту үрдісінде ұлттық сипаттың жойылмауы үшін ізгілікті істерге ғұмырын арнаған Өзбекәлі Жәнібековтің еңбектерінің халқына берер рухани тағылымы мол екендігіне оқушылардың тағы бір көзі жеткендей.