Бүгін Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті. Мерекелік шара әнұран шырқаумен басталды. Шараны ашып берген мекеме басшысы Ерсін Тәжібаев: «Ел тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үміті, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер – рәміздер, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу - әрбір азаматтың міндеті», - дей келе, музей қызметкерлерін бүгінгі мерекемен құттықтады.
Таныстырушы Жазира Әліпбек «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері» тақырыбында баяндама оқып, «Рәміздер 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Біздің мемлекеттік туымыздың түсі – көк. Көк түс аспанның белгісі. Бұл киелі тұс - бірлік пен ынтымаққа шақырып, барлық халықтар үшін әрдайым тыныштық, бейбітшілік пен береке символына айналған», деп рәміздерімізге жеке-жеке тоқталып, түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ, бөлім меңгерушілер Ералы Шоқай, Ақлима Жұмашовалар бүгінгі мерекенің ерекше екендігін жеткізіп, Мемлекетімізге жарқын болашақ тілейміз, - деп өздерінің ой-пікірлерін жеткізді. Мерекелік шараны жүргізген Гүлмира Арыстанбаева «әнұранымыздың авторы жерлесіміз, яғни Отырар ауданының тумасы Шәмші Қалдаяқовты мақтаныш етеміз», - деп, көк туымыз әрқашан көгімізде желбіресін деген тілегімен қорытындылады. Шара соңында кітапханашы Нұрғайша Әбдірәлі дайындаған кітап көрмесін тамашалады.