Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Түркістан облысының туризм және сыртқы байланыстар басқармасы, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын халықаралық деңгейде ілгерлету шеңберінде мәдениет пен өнер саласындағы жоғары деңгейдегі шетелдік БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз турын ұйымдастырды.
Аустрия, Германия, Италия, Корея, Қытай, Мысыр, Ұлыбритания, Үндістан, Франция, Швеция, Швейцария, Испания елдерінен келген журналисттер мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Дәуешов Нұрғиса Маратұлы Отырар жеріне ат басын бұрды.
Орта Азияда көпшілікке кеңінен мәлім тарихи қалалардың бірі - Отырар болып табылады. Қазіргі таңда Отырар тарихына шетелдік зерттеушілер мен журналистердің қызығушылығы артуда.
Шетелдік БАҚ өкілдері Отырардың тарихынан сыр шертетін Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде болып, тұнған тарихты бойлай Көне Отырар қаласымен танысты.
Сонымен қатар, Арыстанбаб кесенесіне зиярат етіп, құран бағыштады. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Дәуешов Нұрғиса Маратұлы шетелдік БАҚ өкілдеріне Түркістан облысындағы тарихи ескерткіштер туралы сұхбат беріп, осы өңірге деген қызығушылығын арттыра түсті. Одан сапар Түркістан қаласына жалғасын тапты.