2020 жылдың 13 қараша күні Түркістан облысы Отырар ауданындағы Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы «Сапар орталығы» экспозициясының ашылуы өтеді. Туристерге кешенді қызмет көрсететін орталықтың экспозиция залының бірінші қабаты туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жабдықталған. Яғни, демалыс орындар, балалар алаңы, коворкинг алаңы, т.б қарастырылған. Ал, екінші қабатта көне Отырар қаласының бес кезеңі бойынша экспонаттармен жабдықталған. Сонымен қатар, Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы мемлекет басшысының жарлығына сәйкес Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған зал көпшілік назарына ұсынылады.
Залды ашудағы басты мақсат, Фарабитану ғылымын пайдалана отырып, тұлғаға қатысты ғылыми және заттай деректерді мейлінше ашып көрсету.
«Ұлы ұстаз ұлағаты» тақырыптық экспозициялық жоспарын құру барысында Әбу-Насыр әл-Фарабидің ғылым мен өнер саласындағы еңбектері, Отырардағы ғылым мен мәдениет, өнерге қатысты артефактілер сонымен қатар Фарабитанушылардың еңбектері заттай дерек ретінде қарастырылды. Экспозициядан орын алатын Фараби бөлмесінің макетінде мұсылман әлемі ойшылдарының көш басында тұрып, шығыста күрделі алгебра, астрономия тағы басқа ғылымдардың дамуына әсер еткен өзі болса, әлеуметтік мәселеде ортағасырлық гүлденген шығыс қалаларының орталығында болып ғалымдармен кездесіп, адамзаттың үйлесімді өмір сүруіне озық ойлы трактаттарын жазуы, философия, әлеуметтану ғылымдарын дамытуы, математика ғылымын дамытуы. Адам табиғатының айнасы музыка ілімін зерттеуі, сол өнердің мәнін ашуы. Ұлы Ұстаздың – Ұстаздар туралы көзқарасында шәкірттер тәрбиелеудегі жетістіктерге жетелейтін жолдарға тыңғылықты пікірін қалдыруы, қажырлы еңбек талмас ой зерттеуден жалықпаған ғылым жолы осы экспозицияда көрсетілген.
Фарабитанушы ғалым Ақжан әл-Машанидің ғылыми ізденісі бойынша әл-Фарабидің қазақ жерінен шыққандығы дәлелді. Шығыстың ғұлама ойшылы Отырар-Фараб өлкесі Арыс-өзенінің Сырдарияға құяр сағасындағы Весидж қаласында дүниеге келген.
Ұлы ұстаздың туған өлкесі Отырар – Ұлы жібек жолының күре тамырында орналасып, әлемдік сауда орталығының бірі болған, ежелгі заманнан-ақ бүкіл шығысқа Үнді, Қытай, Византия, т.б. мемлекеттермен үнемі ғылыми, мәдени, экономикалық, дипломатиялық байланыстарда болып, қалаларында ғылым мен мәдениет, сауда, өндіріс, далаларында егін, мал шаруашылығы қатар дамыған құтты мекен.