Отырар оазисінің мәдени мұрасын еліміз бен шетелдерде насихаттау және туризм саласының заманауи талаптарына сай туристік орталық жасау мақсатында Отырар қалажұрты маңынан «Отырар қалажұрты» сапар орталығы салынып жатқаны баршамызға аян. Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Отырар қалажұрты» сапар орталығында болып, құрылыс нысандарымен танысты.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 90 пайыз орындалып, 45 күн көлемінде пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Журналистерге берген сұхбатында министр Арыстанбек Мұхамедиұлы құрылыстың өте сапалы жүргізіліп жатқанын және «Отырар қалажұрты сапар орталығы» елімізде алғаш рет бой көтерген және көлемді Сапар орталықтарының бірі екендігін айтты.
Сондай-ақ, Отырар қалашығы мен Арыстанбаб кесенесінің жан-жағында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарымен танысып, БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ағымдағы жылдың 1- қыркүйек күні осы жобалардың салтанатты ашылуы болатындығын жеткізді.