Бүгін 13 сәуір күні Отырар қорық-музейінің қызметкерлері Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Қазақтың әдет-ғұрып, жөн-жосықтары» атты тақырыпта Отырар жалпы орта мектебінде дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты жеткіншектерге әдет-ғұрып, салт - дәстүрлерін құрметтей білуге, ұлттық тәлім, салт-сана сабағы адамгершілік тәрбиесінің аса сенімді әрі ғажайып, жол екендігін көрсету болып табылады. Аталған шараға музей қызметкерлері, қолөнер шеберлері, орта білім беру мекеме өкілдері және оқушылар қатысты. Отырар қорық-музейінің «Этнография, әдебиет және мәдени іс-шаралар» бөлімінің аға ғылыми қызметкері Сабира Айтбай шараның мазмұнын, мақсатын айтып өтсе, «Отырар жалпы орта мектебінің» директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Асылбеков Сәрсен жасөспірімдерді жан - жақты қабілетті, әдепті азамат етіп өсіруде халықтық салт - дәстүрлердің, тыйым сөздердің тәлім - тәрбиелік, білім - танымдық рөлі орасан зор екендігін айтты.
Музейдің ғылыми қызметкерлері Қ.Кемелова «Халқымыздың қолөнерге байланысты әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері», Г.Маябасова «Ұлт дәстүрі – заңнан биік», «Отырар» жалпы орта мектебінің өлкетану үйірме жетекшісі Н.Маябас «Салт-дәстүр таусылмас асыл қазына» тақырыптарында дайындаған баяндамалар тыңдалып, ежелгі ата - бабаларымыздың салт - дәстүрлері, даналық сөздері және әдеп ережелері сан ғасыр бойы өз ұрпағын өнегелі де өнерлі, ар - ожданы жоғары, намысқой азамат етіп тәрбиелеп келгені туралы ой-пікірлер айтылды. Шарада Отырар елдімекенінің қолөнер шебері Тұрлыбек Үрзада әдет-ғұрып, жөн-жосық, ырым-тыйымның өскелең ұрпақ тәрбиесіне де үлкен қызмет атқаратынын сондай-ақ өз қолынан шыққан бұйымдарының жасалуы туралы айтып өтті. «Отырар жалпы орта мектебінің» директорының тәрбие істер жөніндегі орынбасары Оспанов Жанболат іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.