8 тамыз күні Маңғыстау облысы тарихи-өлкетану музейінде Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ұйымдастыруымен мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында және Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Киелі Отырардың мәдени мұралары» тақырыптық жылжымалы көрмесі ашылды.
Киелі Отырардың тарихын заттық тұрғыда насихаттау бағытында ұйымдастырылған көрменің ашылу салтанаты өтті. Шараның алғы сөзі Қазақстан Республикасы жазушылар одағының мүшесі, өлкетанушы Отыншы Көшбайұлына берілді.
Маңғыстау облысы тарихи-өлкетану музейінің директоры Тамара Қалмырзақызы көрменің маңыздылығын айта келе ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, Отырар музейіне Маңғыстау тарихынан сыр шертетін сый-сияпаттар тапсырды.
Көлемді көшпелі көрмеде музей қоры жинағындағы Х-ХVІІІ ғасырларға тән археологиялық тұрмыстық бұйымдар, нумизматикалық және зергерлік бұйымдар, қару-жарақ түрлері, сонымен қатар ХІ ғасырдың аяғы мен ХІІ ғасырдың басында өмір сүрген діндар, ислам дінінің уағыздаушысы, түркі сопыларының бабасы, әйгілі Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы, һәм тәлімгері Арыстанбаб әулие және оның кесенесі туралы тарихи деректемелерді көпшілік назарына таныстырушы Н.Әмзе таныстырды.
Аталған іс-шараға Маңғыстау облысының өлкетанушылары, облыстық тарихи-мәдени қорық қызметкерлері, Маңғыстау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мәдени мекемелердің қызметкерлері, қала қонақтары және БАҚ өкілдері қатынасты. Киелі Отырар тарихынан сыр шертетін көрме Маңғыстау облысы тұрғындары мен қонақтарына 1 ай көлемінде насихатталады.