Биылғы жыл – ерекше жыл, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған жыл. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, Абай мұралары кеңінен насихатталуда.
Абай Құнанбайұлының туған күні – 10 тамыз – елімізде Абай күні болып белгіленді. Осыған орай Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ұйымдастыруымен халқымыздың маңдайына біткен ұлы перзенті, көсемсөз шебері Абай мұрасын насихаттау, мән-маңызы мен қадір-қасиетін ұғынуға, тағылымы мен мол мұрасынан тәлім алуға бағытталған өлеңдерін, әндерін мәнерлеп айтқызу мақсатында оқушылар арасында «Абай оқулары» өткізілетін хабарлайды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесумізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық» деген болатын. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы.