Отырар оазисінің мәдени мұрасын еліміз бен шетелдерде насихаттау және туризм саласының заманауи талаптарына сай туристік орталық жасау мақсатында Отырар қалажұрты маңынан «Отырар қалажұрты» сапар орталығы салынып жатқаны баршаңызға мәлім.
Құрылысқа жергілікті 80-ге жуық тұрғын жұмыспен қамтылып, екі ауысыммен жұмыс істеуде. Қазіргі таңда нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Ғимараттың бірінші және екінші қабаттарына экспозициялық залдар қарастырылған. Залдардың қабырғалары травертинмен қапталып, едендеріне керамикалық тақтайшалар жабыстырылуда және осы қабаттағы қызметкерлерге арналған қосалқы бөлмелердің де қабырғалары сырлануда.
Реставрациялық мен көрмелік конструкцияларды жасау жұмыстары үшін шеберханалар мен қор-сақтау бөлмелері цоколдық қабатта қарастырылған. Бұл бөлмелерде барлық құрылыс жұмыстары аяқталған (желдеткіш, өрт сөндіруге арналған су жинайтын құрылғы (пожарный резервуар), электр жүйелері, т.б) және жеделсаты да құрылып, жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар, музейге жұмыс істеуге шақырылатын мамандар үшін және де Отырар қалажұртында қазба жүргізетін археологтар үшін 16 орындық жатақхана ғимараты салынған. Оның құрылысы 99% аяқталды. Қазіргі таңда қабырғалары сырлануда және ғимараттың іші тазалануда.
Сондай-ақ, құрылысшылар ғимараттың маңайына аяқ жол төсеніштер(Брусчатка) төсеуді бастап та кеткен.
Құрлысты жүргізіп жатқан мердігер "Три А+" құрылыс компаниясының басшысы Абдураззак Шалқарұлы жұмыстың жоспарға сай жүргізіліп жатқандығын және уақытында пайдалануға берілетіндігін айтты.