1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Түркістан облысы Отырар ауданында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Отырар қалажұрты маңынан салынған «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі Сапар-орталығының» ресми ашылу салтанаты өтті.
Ғимараттың лентасын Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова, композитор, шәмшітанушы, Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі Қалдыбек Құрманәлі, Отырар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзабай Өксікбаев қиып, әжелердің тәттілер шашуымен есігі айқара ашылған «Сапар орталығының» экспозициясы көпшілікке таныстырылды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты жиында құттықтау сөз алған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Рамазанов Елдос Мұратұлы бүгінгі күн барлық қазақстандықтар үшін елеулі күн, өйткені Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – қарқынды әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы бар мемлекеттің бірегей үлгісін жасаған заманымыздың танымал мемлекеттік және саяси қайраткері екендігін айта келе, көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады.
Сондай-ақ, «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі «Сапар-орталығы» – мәдени туризм орталығына айналуға тиіс бірегей нысанның өңірдің ғана емес, еліміздің өркендеуіне ортақ игілік бола алатындығын жеткізді. Сонымен қатар, вице-министр халық ақыны Әселхан Қалыбекова және музей қызметкерлеріне «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, құрмет грамотасымен және алғыс хаттармен марапаттады. Шара барысында Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі, композитор, шәмшітанушы, Қалдыбек Құрманәлі айтулы мерекемен құттықтаса, халық ақыны Әселхан Қалыбекова «Көне шахардың жаңа шапаны» атты музейге арналған арнауын оқыды.
Орталықтың ашылудағы мақсаты Отырар оазисінің мәдени мұрасын еліміз бен шетелдерде насихаттау. Отырар қорық-музейінің территориясында орналасқан тарихи-мәдени мұра нысандарының қорғау мен олардың сақталуын қамтамасыз ету, сонымен қатар, туризм саласының заманауи талаптарына сай туристік орталық жасау.
Сапар орталығы музей қорына түсіп отыратын экспонаттар үшін бірінші және екінші қабаттарда экспозициялық залдарымен қамтамасыз етілсе, цоколдық қабатында қор-сақтау бөлмелері мен реставрациялық жұмыстар мен көрмелік конструкцияларды жасау жұмыстары үшін шеберханалар орналасқан. Сапар орталығы жанынан музей мамандары мен Отырар қалажұртында қазба жүргізетін археологтар үшін 16 орындық жатақхана да қарастырылған.
Қазақстандағы бірегей жобаның ашылуына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі және министрлік өкілдері, ғылыми зиялы қауым және БАҚ өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.