Бүгін 27-сәуір күні Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне орай еліміздегі ұлт татулығын, бірлігін көрсету үшін «ОТЫРАР ӨҢІРІНДЕГІ ЭТНИКАЛЫҚ ТОПТАР» тақырыбында іс-шара болып өтті. Шараның мақсаты түрлі саяси жағдайлардың қаһарына ұшырап, қатыгез саясаттың куәсі болып, ауданымызға қоныстанған түрлі ұлт өкілдерінің басын қосып, Тәуелсіз елімізде жеткен жетістіктері мен ата-бабаларының өткен тарихынан сыр шерту және бірліктің, ынтымақтық ұйытқысына айналып отырған еліміздегі жетістіктерін көрсету
Дөңгелек үстелдің алғашқы сөз алған музейдің ардагер археологы Н. Алдабергеновтің бүгінгі күні әлемде болып жатқан саяси жағдайлар халықтар арасында тұрақсыздық пен әлсіздікке ұшыратып отырғанын, десек те еліміздегі ұлттардың бірлігі мен татулығының арқасында жеткен жетістіктерімен бастады.
Ш. Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясының ұстазы Л. Линова да өз сөзінде елді ынтымаққа шақырып отырған мұндай іс-шаралардың маңыздылығын айтып, барлық ұлттар атынан бір ел, бір отбасы болу үшін жас ұрпақты тәрбиелеу қажеттігін айтып өтті. «Қор сақтау» ғылыми-зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері Г. Ысқақ «ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ ЭТНИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ» тақырыбында баяндама оқыса, Ш. Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары өздерін ұлты, тілі, діні басқа болса да Тәуелсіз қазақ елінің сенімін ақтар болашағы болатынын дәлелдеп, алдағы мерекемен құттықтап, қысқаша баяндамаларын жасады.
Отырар өнер және саз мектебі домбыра сыныбына қатысушы А. Вржещ «Ақшақар» күйін орындап, туған өлкеге арналған өз шығармашылығын оқып берді. Сонымен қатар, бірлігі жарасқан оңтүстіктегі этнос өкілдерінің тарихы мен ынтымағын дәріптейтін бейне ролик көрсетілді. Шара соңында қатысушы қонақтарға кітапханашы Н.Әбдірәлі «Мұражай құндылықтары» тақырыбындағы кітап көрмесін таныстырды.