Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі» және Орталық кітапхана қызметкерлерімен бірлесіп ұйымдастыруымен 30-тамыз Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай «Асқақ рухты Ата заң» тақырыбында көрме ашылды.
Мерекелік шараға Отырар аудандық "Нұр Отан" партиясы, құқық қорғау органдары, БАҚ өкілдері, мәдениет сала өкілдері қатысты. Мекеме директорының м.а С.А.Көзейбаев көрмені ашып беріп, Қазақстан Республикасының әнұраны орындалды.
Көрмені таныстырушы Н.Әмзе және аудандық кітапхана қызметкері Жанпейсова Шолпан таныстырды. Ата заңымызды құрметтеу және оны бұлжытпай орындау, Қазақстан халқының құқықтық сауаттылығы мен жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шара дөңгелек үстелмен жалғасын тапты.
Аудандық "Нұр Отан" партиясының бірінші орынбасары А.Т.Құрман және Отырар аудандық әділет басқармасының басшысы Е.Е.Исмайлов дөңгелек үстелді ашып беріп, 30 тамыз Конституция күнімен құттықтады.
Отырар аудандық сотының баспасөз хатшысы А.Қалмырзаев, Отырар аудандық орталық кітапхананың қызметкері Г.Əбзейтова, Отырар қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері Г.Ысқақ және кіші ғылыми қызметкері Е.Абдуахитовтар өздерінің дайындаған баяндамаларын оқып, Конституция жоғары биліктің, ынтымақтастықтың, келісімділіктің және еліміздің барлық заңдарының реттеліп отыратындығының бірден-бір көзі екендігін айтып өтті.
Қатысушы қонақтар мен мекеме қызметкерлері өздерінің ой-пікірлерін ортаға салып, Ата заң - елдің айбыны, еркіндігі, байлығы. Оның әрбір бабын сақтау, оны мүлтіксіз орындау әрбір азаматтың басты парызы екендігін жеткізді. Жиынды мекеме директорының м.а С.А.Көзейбаев қорытындылап, шараға қатысушы қонақтарға алғысын білдірді.