2018 жылдың 29-қараша күні Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру мәселелері» республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Семинар жұмысы музейдің экспозиция залымен танысумен бастау алды. Музей саласының төңірегінде жүрген зерттеуші-ғалымдарды музей ісінде, музей
мамандарымен бірлесіп зерттеулер жүргізуге жұмылдыру және еліміздегі әр өңірлік музейлердің қорында сақтаулы құнды мұраларымыздың тарихын ашуға, олардың аймақтық ерекшеліктері, жәдігерлерімізді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді қолға алуға үндеу жасау мақсатында ұйымдастырылған семинарға тарихшылар, отандық ғалымдар мен музей ісінің мамандары және мектеп қабырғасындағы музей жетекшілері қатысты.
Семинарды ашу үшін алғашқы сөз Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтахановқа беріліп, ол өз сөзінде «Отырар – өзінің көне тартпас тарихи құндылықтарымен бүкіл әлем ғалымдарының, ЮНЕСКО –ның назарын өзіне аударған, ұлттық рухани қазығы» , - дей келе, Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Көне Отырар қаласында туризмнің түлей түсетіндігі туралы айтылғандығын атап өтіп, Отырарлықтардың атынан
Елбасына алғысын жеткізді. Келесі сөз алған Отырар қорық-музейі директоры Айбек Жандосов семинардың мақсатына тоқтала келе, ашық деп жариялады. «Берел» қорық-музейінің директоры Жангелді Ахмадиев, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени музейінің директоры Бахадүр Исматов, «Ежелгі Тараз ескерткіштер» музейінің "Қарахан" журналының бас редакторы Сатыбалды Досымбекұлы және Отырар қорық-музейінің ардагері
Нұртаза Алдабергеновтер құттықтау сөз алып, Отырар тарихына, тарих зерттеушілері мен музей мамандарының еңбектеріне, жеткен жетістіктеріне тоқталып, музейге сый-сияпаттарын тапсырды. Семинардың пленарлық отырысында еліміздің әр түкпірінен келген қатысушылар баяндамалар оқып, тың ойларын ортаға салды. Сондай-ақ музейлер саласындағы өзекті мәселелері талқыланып, құнды жәдігерлердің
музейлерге түсу жолы мен тарихының ашылуына ерекше мән беріліп, ұсыныс-пікірлерде айтылды. Түскі астан соң, қонақтар Арыстанбаб кесенесі мен Отырар қалажұрты орындарына барып, тарихымен танысты. Мұнан соң, Отырар қорық – музейінің реставрация және консервация бөлімінің қызметкерлері «Музейлік жәдігерлер қайта қалпына келтіру мен сақтау ережелері» бағыты бойынша өз жұмыстарымен таныстырып, «Қолданбалы
өнерді дамыту» секция барысында шебер-класс ұйымдастырды. «Музей қорындағы жәдігерлерді есепке алуда қолданылатын ережелер» тақырыбындағы соңғы секция бойынша қор сақтау бөлімінің қызметкерлері жәдігерлерді сақтау қоймаларымен және есепке алу, тіркеу құжаттарымен таныстырып, тәжірибе алмасты. Семинарды Отырар қорық-музейінің директорының орынбасары С.Ш.Ақылбек пен қорытындылап, қатысушы қонақтарды сертификаттармен марапаттап, алғысын білдірді.