2018 жылдың маусым айының 29-ы күні «Археология» ғылыми-зерттеу бөлімінің ұйымдастыруымен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің мәжіліс залында «Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің тарихи маңызы» тақырыбында аймақтық ғылыми-тәжірибелік семинардың өтті. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараға орталық кітапхана мен Руханият - Әбу насыр әл-Фараби мұражайының қызметкерлері қатысты.
Қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күрестерінің бірі әрі бірегейі болып саналатын тарихи оқиғаға 235 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараны бөлім меңгерушісі С.Т. Пәрменқұл ашып, ұлт-азаттық көтерілістердің тарихтағы өзге көтерілістерден артықшылығына тоқталып өтті. Бөлім қызметкерлері Н.О.Сералы мен С.Т.Сыздықовтар арнайы дайындаған тақырыптық баяндамаларын оқып, Отырар аудандық орталық кітапхана қызметкері Шәріпбекова Мәдина мен Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби музейінің қызметкері Құдабаев Қанат көтерілістің шығу тарихы мен себеп-салдарын, сол кездегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін тарихшылардың еңбегіне сүйене отырып талқылады.
Шараны қорытындылаған музейдің бас қор сақтаушы Е.Т.Шоқай шараның маңыздылығына тоқтала отырып, мұндай айтулы шараға жас жеткіншектерімізді көптеп қатыстыру және ата-бабаларымыз аңсап өткен Тәуелсіздік ұғымының маңызы мен мағынасын ұғындыру үшін осындай келелі шараны көптеп ұйымдастыруға шақырды.