Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты "Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің" ұйымдастыруымен 2019 жылдың 15 қазан күні Отырар ауданы Талапты ауыл округінің әкімшілігінде «Отырар мұражай қарамағындағы тарихи ескерткіштерді сақтау және құжаттау» тақырыбында семинар өтті.
Семинардың басты мақсаты жас ұрпақты тарихи құндылықтарымызбен таныстыру, тарихи ескерткіштерімізді – мәдени мұраларымызды қастерлеп сақтауға, құрметтеуге шақыру, сондай-ақ жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу болып табылады. Семинарды мекеме директорының кеңесшісі Нұртаза Алдабергенов ашып беріп, тарихи-мәдени мұраларды қорғау, сақтау бағытындағы шаралар тарихи ескерткіштерімізді қастерлеуге, құрметтеуге және келешек ұрпақты, ел-жұртқа ие болар азаматтарды тәрбиелеуге шақыратынын айтып өтті.
Семинарда Отырар қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері А.Т.Таубек «Отырар мұражай қарамағындағы тарихи ескерткіштерді сақтау және құжаттау» тақырыбында слайдты таныстырып, «Отырар мұражай қарамағындағы тарихи ескерткіштерді сақтау және құжаттау» тақырыбының аясында біршама түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Н.О.Ермашова «Отырар мұралары-асыл қазынамыз» тақырыбында баяндама жасап, өңіріміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің қорғалуы мен сақталуын сөзге тиек етті.
Шара барысында Талапты ауыл округі әкімінің орынбасары Сыздықбек Қалдыбай сөз алып, өткенімізден сыр шертіп тұрған тарихи мәдени мұраларымызды ертеңгі жас ұрпаққа аман жеткізу бүгінгі біздің еншімізде екенін айтып, алдағы уақытта ескерткіштерді қорғау саласында бірігіп жұмыс жасайтынын айта келе, семинарға қатысушы әкімшілік ұжымының атынан музей қызметкерлеріне алғысын айтты.