Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының тапсырысымен "Projects House" компаниясы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің белсенді ұйымдастырушысы, батыр, құралайды көзге атқан Кейкі батыр жайында Мұрат Бидосотың режиссерлігімен «Кейкі Мерген» атты тарихи телехикая түсіру жұмысын бастады. Ұлы қазақ даласындағы азаттық үшін күреске шыққан батырлардың тарихымыздағы орындарын ұрпақ санасында жаңғырту, туған жерінің бүтіндігін армандаған батырларды ел тарихының белестерінде тұлғалық деңгейге көтеру мақсатында түсіріліп жатқан бұл телехикая Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ауласындағы Этно кешенде және Көне Отырар қаласында түсірілуде.
Тәуелсіздік алғаннан кейін ержүрек ата-бабаларымыздың есімдері мен ерлік істері ұрпақ жадында қайта жаңғырды. Халық арасында «Аманкелді көз мерген, Кейкі қол мерген еді» деген сөз айтылады. Кейкі батыр жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттігімен аймаққа танылған тұлға. Есімі мен ерлігі ел аузында аңызға айналған тағдыры күрделі дара тұлға жайында Ақан Нұрманов "Құланның ажалы" атты тарихи романы және ақын Серік Тұрғынбекұлы "Кейкі батыр" тарихи дастаны бар.
Ахметхан Байжан "Құлан Кейкі батыр" атты деректі хикаяттар жинағын, Әубәкір Қылышбайұлы "Құлан Қыпшақ Кейкі батырдан соң" кітапшасын жарыққа шығарды. Енді міне қазақ киносының алтын қоржыны тағы бір тарихи туындымен толығады.
Аты аңызға айналған дала қыраны - Кейкі Көкембайұлы туралы өскелең ұрпақ өз батырының тарихын тек оқулықтардан емес, осындай фильмдер арқылы да таниды. Сондай-ақ, бұл туынды бір жағы¬нан қазақ батырларының тарихын баян¬дай¬тын туындылардың қатарын толықтырса, енді бір жағы бүгінгі өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін дүние болатындығына сенімдіміз.