25 маусым күні Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында және Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Киелі Отырардың қасиетті мұрасы» тақырыптық жылжымалы көрмесі ашылды. Бүкіл қазақ еліне ортақ тарихымызды заттық тұрғыда насихаттау бағытында ұйымдастырылған көрменің ашылу салтанатты шарада алғы сөзін музей басшысының ғылыми істер жөніндегі орынбасары С.Қалитқызы ашып, Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының
басшысы С.Сабырдың алғыс хатын Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінің бас қор сақтаушысы Е.Төлендіұлына тапсырды. Көлемді көшпелі көрмеде музей қоры жинағындағы Х-ХVІІІ ғасырларға тән археологиялық тұрмыстық бұйымдар, нумизматикалық және зергерлік бұйымдар, қару-жарақ түрлері, сонымен қатар ХІ ғасырдың аяғы мен ХІІ ғасырдың басында өмір сүрген діндар, ислам дінінің уағыздаушысы, түркі сопыларының бабасы, әйгілі Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы, һәм тәлімгері Арыстанбаб әулие және оның кесенесі туралы тарихи деректемелерді көпшілік назарына экскурсовод Г.Байкенжеқызы таныстырды.
«Киелі Отырардың қасиетті мұрасы» көшпелі көрмесіне өлкеміздің өлкетанушылары Ө.Әлімгерейұлы, Т.Жаңабай, А.Әміржанұлы, Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мәдени мекемелердің қызметкерлері, студенттер, музей қонақтары және БАҚ өкілдері қатынасты. Көрме Атырау облысы тұрғындары мен қонақтарына 1 ай көлемінде насихатталады.