Қазіргі уақытқа дейінгі қазақ халқының қолөнер түрлерін жан – жақты этнографиялық тұрғыдан зерттеудің ғылым үшін де, өмірлік тәжірибе үшін де маңызы өте зор. Көргендердің көзінің жауын алып, таңғалдырған, адам қолынан шыққан осынау небір ғажайып туындылар бүгінгі халқымыздың мақтанышы болса, ертеңгі болашақ үшін баға жетпес мұра. Халқының әдет-ғұрпына, қолөнеріне, тұрмысына, кәсібіне, заттық және рухани мәдениетіне
байланысты шеберлерінің асыл мұраларын сақтап, қазіргі заманға алып келуші өнер иелерінің еңбектерін зерттеп, ұлттық қолөнердің үздік үлгілерін болашақ ұрпаққа жеткізу, музей қорын толықтыру мақсатында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің «Этнография, әдебиет және мәдени-көпшілік іс-шаралар» бөлімінің қызметкерлері «Сыр өңірінің шежіресі» тақырыбында этнографиялық экспедицияға шықты. Экспедиция
барысында Түркістан облысының Шардара, Арыс аудандарының елді мекендерін аралап, қазақтың дәстүрлі қолөнер мәдениетіне қатысты бай қазыналарын іздестірді. Алтын қолды шеберлерді анықтау барысында Сүткент ауылының тұрғыны 1944 жылы дүниеге келген Ермекбайқызы Зиягүл киіз үй жабдықтарын (кілем, текемет, сырмақ, терме алаша, қақпа
алаша, басқұр) дайындаумен айналысатын шебер және осы ауылдың тұрғыны ат әбзелдерінің дайындап, былғарымен әсемдейтін 1977 жылғы Құлжанов Ербол Рахымжанұлымен әңгімелесіп, музейге берген сыйларына ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ, Аққұм ауылынан 1944 жылғы Жүнісова Айткүл қолөнер шебері, Ақалтын ауылының технология пәнінің
мұғалімі Смайлова Сейсенкүл кәрі әжесіне, яғни анасының анасы Бүбіш апаға нағашы әжесі ұзатқанда тігіп берген кимешегін музейге тарту етті. Осы кісілермен қатар Маханбетова Оңал, Бабашова Пернегүл, Қазақстан ауылынан Рысбибі Тобышбайқызы, Достық аулылынан Оңғарбайқызы Базаркүл, Алтын Жаңабаева сынды он саусағынан өнері тамған шеберлер
анықталып, қолөнер бұйымдарын өзге өңірлердікімен салыстыра отырып, зерттеу үшін шеберлерден сұхбат алынды. Экспедиция нәтижесінде музей қорына түкті алаша, терме алаша, киіз үйдің баулары, терме алаша тоқитын өрмек құралы, текемет, арқан, кимешек, шапан, сандық жапқыштары сыйға берілді.
Музей қорының толығуына үлес қосқан шеберлерге музей ұжымы атынан алғысымыз шексіз! Қазақ халқының ұлттық қолөнерінің түп төркіні тым әріден бастау алып, дәстүрге айналып бүгінгі күнге жетіп отыруы, қазақ халқының халық болып қалыптасуының заттық айғағы болып табылатын мұраларымыз жоғалмасын! Оны жалғастырушы, дәріптеуші алтын қолды шеберлеріміз аман болсын!