Әр елдің тарихында болашағын айқындап, бағамдап отыратын тарихи кезең оқиғалар орын алып отырады. Қазақстан тарихында орын алған мұндай тарихи оқиғаның бірі Елордамызды Сарыарқа төсіне көшіру болғаны белгілі. Тарихқы көз жүгіртетін болсақ, 1994 жылдың 6 шілдесі күні өткен Қазақстан Респубилкасы Жоғарғы кеңесінің жалпы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елорданы Сарыарқаға, яғни, Ақмола қаласын көшіру идеясын ұсынған болатын. Елорданы көшірудегі басты мақсат пен міндеттерді нақты дәлелдермен көрсете отырып, көпшіліктің көңіліне жол тапқан болатын. Осыған орай, 1997 жылдың 20 қазанында Нұрсұлтан Әбішұлының Жарлығымен Ақмола қазақ елінің астанасы болып жарияланды. Қазіргі уақытта айтуға оңай болып отырған бұндай тарихи шешімді қабылдау алдындағы ішкі толқыныстарын Елбасының «Еуразия жүрегінде» тақырыбында жарық көрген кітабынан көруге болады. Осылай, 1998 жылдың 10 маусымында әлем картасында пайда болған жаңа астананың тұсауы кесілді. Сәні мен салтанаты жарасқан, озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін жасауда төгілген тер мен сіңірген ауыр еңбектің нәтижесінде аз уақыттың ішінде Арқа төсінде өркениетті елдер де таңдана, тамсана айта жүретін еліміздің бас қаласы бой көтеріп, халқымыздың көз қуанышына айналуда. Астана – ең алдымен Елбасымыздың ерен еңбегі мен ерлігі және Қазақстанның жаңа тарихының шынайы бейнесі.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында «2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз», деп атап көрсеткен болатын. Осыған орай, шілде айының 3-і күні Отырар қорық-музейі мен Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайы бірлесіп «Асқақтаған елорда – Астана» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойына орай өткізілген шараны Отырар қорық-музейінің бөлім меңгерушісі С.Т.Пәрменқұл ашып, бүгінгі өткізіліп отырған шараның мақсатына, тәуелсіздік жолындағы Елбасының еңбегіне қысқаша тоқталып өтті.
Шара аясында Астананың кешегісі мен бүгінін баяндайтын арнайы дайындалған бейнематериал көпшілік назарына ұсынылды. Аталған шарада Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби мұражайының қор сақтаушысы Құдабаев Қанат «Астана туралы қызықты деректер», Отырар қорық-музейінің ғылыми қызметкері Ерғожа Әбдуахитов «Астана – бейбітшілік пен келісім ордасы» тақырыбында дайындаған баяндамаларын оқып, көпшілікке Астана туралы толық мағлұмат беріп өтті. Шара аясында қатысушылар тарапынан көптеген пікірлер мен ұсыныстар айтылып, музей қызметкерлері Айтбай Сәбира, Жұмабайқызы Үрзия, Әмзе Нұрсейіттер Астана қаласы туралы естеліктер айтып, Елбасының жүргізіп отырған саясаты мен сіңірген еңбегіне ризашылықтарын білдірді.