Қарттар – біздің ең асыл қазынамыз. Олардың өмірлік жолы, мол тәжірбиесі мен ақыл-кеңестері, тәлім-тәрбиесі келешек жастар үшін орны бөлек дүние.
Бүгін 1 қазан Қарттар күніне орай Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қызметкерлері Отырар өңірінің заттық және рухани құндылықтардын танытуда, насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие беруде аянбай еңбек етіп, киелі ордадан зейнетке шыққан зейнеткерлерді құрметтеп, оларға арнап арнайы мерекелік іс-шара ұйымдастырды.
Шараға жиналған қарттарымызды мекеме басшысы Сапар Алиясқарұлы ұжым атынан құттықтап, қарттарымыз тек музейге ғана еңбектері сіңбей еліміздің, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып, аянбай еңбек еткендерін сөзге тиек етті. Шара барысында Арыстанбаб кесенесіне зиярат етіп, Отырар қалажұрты маңынан салынған «Сапар орталығымен» таныстырды.
Мерекелік шараның құрметті қонақтарына арнап дастархан жайылып, әсем әуендер шырқалып, игі тілектер айтылды. Шара соңында мекеме басшысы «қарттарымыз аман болып, әрқашан мерейлері асқақтап жүре беріңіздер» - деп, сыйлықтар табыс етті. Мерекеге келген ардагерлер мекеме қызметкерлеріне ризашылықтарын білдіріп, өз алғыстарын айтып тарқасты.