Тоғызқұмалақ – кез келген жанның өзіндік ойлау жүйесін шыңдап, ақыл-ойын жетілдіріп, ми қызметін дамытатын қайнар көздердің бірі. Осындай маңызды, әрі мәнді қасиеттеріне байланысты ұлттық ойынымыз бүгінгі күні көптеген елдерде насихатталып келеді.
2019 жылдың 4-5 мамыр аралығында Отырар ауданында тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында Х-шы облыстық ашық турнир өтті. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай ұйымдастырылған жарысқа Алматы қаласы, Ақтөбе, Жамбыл облыстарынан 16 команда , жалпы саны 180-нен астам жасөспірім тоғызқұмалақшылар қатысты.
Екі күн бойы бақ сынаған турнир жеңімпаздарына «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы» РМҚК қаржылай демеушілік көрсетіп, 1,2,3 жүлделі 24 орынға ақшалай жүлде тапсырды.