2019 жылдың 12 наурыз күні Шымкент қаласындағы Аймақтық Әлеуметтік – Инновациялық университетінде Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейімен бірлескен «Ұлы даланың жеті қыры» халықаралық ғылыми-танымдық конференциясы өтті.
Конференцияға Өзбекстан Республикасының «Шыршық» универсиетінің мұғалімдері мен магистранттары, Аймақтық Әлеуметтік – Инновациялық университетінің мұғалімдері мен студенттері, Отырар қорық-музейі қызметкерлері, №19 Ө.Жәнібеков атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімдері мен оқушылары қатысты.
Конференцияда Отырар мемлекеттік археологиялық қорық – музейі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «ҚОЛӨНЕР ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗ» тақырыбында көрме жасақталып, көпшілік назарына ұсынылды.
Ежелден келе жатқан мәдени мұрамыз болып саналатын қолөнер бұйымдарымен, халық шеберлерінің қолынан шыққан өнегелі істерін көпшілікке насихаттау мақсатында қойылған көрмеде музей қорындағы этнографиялық жәдігерлер: жүннен, ағаштан, теріден, мыстан, темірден жасалған бұйымдар және зергерлік бұйымдармен жабдықталды.
Сондай-ақ, аталған конференцияда Отырар қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері Қ.Кемелова және ғылыми қызметкері Г.Маябасова «Ұлы даланың жеті қыры: Атқа міну мәдениеті», «Бабалар мұрасы – ұрпаққа аманат» тақырыптарында баяндама оқыды.
Шара барысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы кеңінен талқыланып, мақала аясында алдағы уақытта атқарылатын жоспарларымен бөлісті.