Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде 20 тамыз күні Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Ежелгі металлургия іздері» тақырыбында көрмесі ашылды.
Көрмеге музей қорындағы археологиялық қазба барысында табылған ІІІ-ХХ ғасырларды қамтитын металлдан жасалған тұрмыстық, зергерлік бұйымдар қойылды. Көрменің ашылуында музей директоры С.А. Козейбаев сөз алып,
Елбасымыз бастап берген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында төртінші рет өткізіліп отырған көрменің мақсаты еліміздегі ежелден қалыптасқан металл өндірісінің жетістіктерін арнайы көрмелер арқылы көпшілікке көрсету, насихаттау деп көрсетті.
Музей директорының ғылыми кеңесшісі Н. Алдабергенов темір ғасыры мен қола дәуірінің даму ерекшеліктерін археологиялық қазба барысында табылған заттар арқылы көре алатынымызды,
тарихымызды толықтырып отырған әрбір зат музейіміздің байлығы екенін айтып өтті. Көрменің ашылуына арнайы келген Отырар аудандық «Отырар алқабы» газетінің бас редакторы А.Ақылбек те Елбасымыздың аталмыш мақаласы бүгінгі жастарға тарихымызды жан-жақты танып-білуге,
осындай көрмелер арқылы ой түюге мүмкіндік беріп отырғанын жеткізді. Шараға Музей қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Көрмені музей таныстырушысы А. Науанова таныстырды.